Өңірлерде инфекциялық ауруханалар салынып, дәрі-дәрмектің қоры жасақталуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңірлерде инфекциялық ауруханалар салынып, дәрі-дәрмектің қоры жасақталуда

08.09.2020

Еліміздің денсаулық сақтау саласы күзгі маусымдық тұмау ауруымен қатар қауіпті індеттің екінші толқынына да дайындық үстінде. Қазір өңірлерде модульды инфекциялық ауруханалар салынып, ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялар пайдалануға беріліп жатыр. Ең қажетті деген дәрі-дәрмектің қоры жасақталуда. 

Ақтауда модульді инфекциялық аурухананың құрылысы қазан айында аяқталады. Медициналық мекеме 200 адамға арналған. Одан бөлек стационарларда 1835 орын дайын. Сондай-ақ, үш айға жететін дәрі-дәрмек қоры мен қорғаныс құралдары бар. Мамандар күз кезінде тұмау жылдағыдан қатты болады деген болжамға байланысты 100 мың екпеге тапсырыс жасаған. Бұл вакциналар алдымен медицина қызметкерлеріне, созылмалы ауруы бар науқастарға, жүкті әйелдер мен балаларға егіле бастайды. 

Жамал Жаманбаева, Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Ақылы түрде де алуға болады. 100 мыңның ішіне кіреді. Халықтың 10 пайызы тегін алады. 

Жамбыл облысының Қордай ауданында биофармацевтикалық препараттар шығарылатын зауыт салынбақ. Бұған қоса облыста жылына 15 миллион экспресс-тесттер өндіретін кәсіпорын биыл пайдалануға берілмек. Осылайша дәрі-дәрмек пен медициналық заттардың өндірісі артады. Өңірде індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстары да қызу. Таразда қалалық перзентхананың бос тұрған ғимараты инфекциялық аурухана ретінде қайта жабықталуда. Сондай-ақ, Тұрар Рысқұлов ауданында 150 орындық туберкулезден емдейтін аурухана жұқпалы аурулар ауруханасы болып қайта ашылды. Осылайша емдеу мекемелеріндегі орын 2;5 мыңға жеткен.  

Індеттің екінші толқынына ауылдағы медициналық қызмет сапасы да төтеп беруі тиіс. Мәселен, Қарағанды облысының Қарағайлы кентінде 15 орындық күндізгі стационары және жедел жәрдем бөлімі бар дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұрын-соңды елді мекеннің 5 мың тұрғынына ескі дәріханада қызмет көрсетіліп келген. Енді жаңа амбулаторияда жұмыс істейтін 32 маман жергілікті жұртты уақытылы қабылдап жатыр. 

Гүлнар Мұстафина, Қарағайлы кентінің тұрғыны:

  - Ескі аурухана шет жақта болатын, қысты күндері барып келу қарт адамдарға өте қиын еді. Ал, мына жаңадан салынған амбулатория тура орталықта орналасқан. Жаңа әрі жылы ғимарат. Халық үшін дәрігерлер үшінде жайлы орын болды деп ойлаймын.

Қазір жалпы ел бойынша дәрі-дәрмектің қоры жасақталуда. Ең алдымен стационарларға сатып алынады. Бұл ауруханалардың жоспарлы ем көрсетуіне мүмкіндік туғызбақ.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу