Атырау облысында орынбасары пара алғаны үшін әкім қызметінен кетпек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысында орынбасары пара алғаны үшін әкім қызметінен кетпек

09.09.2020

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Өркен Тәжібаев пара алып, алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Оған 2 750 000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Былыққа белшесінен батқан экс-орынбасар мемлекеттік қызметтен де өмір бойына шеттетілді. Билігін асыра пайдаланған ол кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқан. Әрі, өндірістік кооперативтердің біріне 500 мың теңге шығын келтірген.

Сондай-ақ, ауданның аз қамтылған тұрғындары үшін медициналық маска сатып аламын деген желеумен кәсіпкерлерден 125 мың теңге алып, өз қажеттілігіне жұмсаған. Енді, аудан әкімі бұрынғы орынбасарының заңсыз әрекеті үшін қызметінен кетпек.

Айдос Мамыт, Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары: 

- Бірінші басшы айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуі міндетті.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу