Мемлекет басшысы Қостанай өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Қостанай өңірінің тыныс-тіршілігімен танысты

10.09.2020

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай өңіріне барды. Аймақтың ахуалымен танысып, астықты алқаптарды аралады. Бұл Мемлекет басшысының Президент болғалы өңірге жасаған екінші сапары. Мұнда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдаудың барынша арта беретінін жеткізді. Өйткені, онсыз бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес, - дейді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен сүт және сүт өнімдерін шығаратын зауытта болып, кәсіпорынның тынысымен танысты. 700 адам еңбек ететін фабрикада күніне 200 тонна өнім шығарылады. Ол - май, сүт, айран, қаймақ пен балмұздақ. 

Зауыттан шыққан өнім еліміздің түкпір-түкпіріне таратылып, Ресейге экспортталады. Осы жерде Мемлекет басшысы агроөнеркәсіпті дамытып, шағын және орта бизнесті қолдаудың маңыздылығына тоқталды. Онсыз бәсекеге қабілетті мемлекет құру мүмкін емес. Оған «Бизнесті дамытудың жол картасы» демеу. Бұл бағдарлама бойынша облысқа 54 миллиард теңге бөлінген. Енді кәсіпкерлер қаржыны тиімді игеріп, аймақтың әлеуетін жаңа белеске көтеруі тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үкіметтің кеңейтілген отырысында бизнесті дамытудың бағдарламасын сынаған едім. Қазір қарқын алып, жақсы іске асып жатыр. Ал жұмыспен қамтудың жол картасы 1930-1940 жылдары Американы дағдарыстан шығарған Рузвельттің бағдарламасымен салыстыруға болады. Өйткені бұл шынымен өте тиімді бағдарлама. Сол үшін осы бағдарламалардың орындалуын қатаң қадағалайтын боламыз.

Қостанай - астықты аймақ. Қазақ астығының төрттен бірін беретін жомарт өлке. Мемлекет басшысы диқандармен дидарласып, алқапты аралады. Биыл мұнда 4 млн гектар аумаққа дәнді және майлы дақылдар егілген. Шаруалар соның 75 пайызын жинап үлгерді. 

Самат Жорабаев, «Заречный» шаруа қожалығының директоры: 

 - Биыл егін былтырғыға қарағанда жақсы. Өйткені ол кезде құрғақшылық болған еді. Сол үшін бұл жолы өнімділік 20 пайызға артық. Оның үстіне ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы артып келеді. Әрі біз 300 миллион теңге көлемінде субсидия алдық. 

Еліміз шетелге тасымалдайтын астық көлемін жыл сайын арттырып келеді. Биыл қазақ бидайын Қытай, Ауғанстан, Иран елдері сатып алуға құлшынып отыр. Осы жерде Мемлекет басшысы коронавирустың кесірін айтып, бұл сынақты ел болып бірге еңсеретінімізге сенім білдірді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдымызда тұрған міндеттер өте маңызды. Пандемия біраз зиянын келтірді. Экономикамыз осы стресс тесттен өтіп, жақсы қарсы алды. Келешекте ол емтиханды да біз ойдағыдай тапсырамыз. Егін биыл жақсы болады. Сондықтан, құтты болсын. Іске сәт! 

Бітік шыққан егінді көріп марқайған Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамытып, саланы әртараптандыруды жалғастыруға тапсырма берді. Ала жаздай тер төккен шаруалардың еңбегін бағалап, олармен естелік суретке түсті. 

Досжан Маратұлы, тілші:

 - Масағы майысқан, егіні еселі Қостанайда қазір егін ору науқаны қызу жүріп жатыр. Ол үшін ауа-райы да қолайлы болып тұр. Сондықтан диқандар уақытты құр жіберіп жатқан жоқ. Оның үстіне Президент те астықты төгіп, шашпай, қар астында қалдырмай дер кезінде жинауға тапсырма берді.


Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу