Елорданы дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асады. Қала әкімінің алдында Үкіметпен бірге ауқымды жоспарды жүзеге асыру міндеті тұр. Елбасы «Астана Бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалық институтына арнайы барып, онда бас қаланың даму стратегиясымен танысты. Жиырма екі жылдың ішінде елорда әкімшілік, іскерлік, экономикалық, мәдени және саяси орталыққа айналды. Бастапқы бас жоспарда қала тұрғындарының санын 1 миллион 200 мың адамға жеткізу 2030 жылға қарай көзделген. «Бұл көрсеткішке 10 жыл ерте жеттік», - деді Елбасы.
Қала халқының саны төрт есе өсті. Шаһар экономикасының 55 пайызын шағын және орта бизнес құрайды. Жыл сайын 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады, оның 70 пайызы шағын кәсіпке тиесілі. Дегенмен азаматтарды толғандыратын мәселелер де жоқ емес. құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлер, үш ауысымдағы мектептер, кәріз жүйесі, қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бар. Елбасы енді осы түйткілдерді шешуге басымдық беру керектігін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы:
- 22 жылдың ішінде жаңа астананың дамуына бөлінген әрбір 1 теңге республикалық бюджетке еселеп қайтты. Бес жылдан бері бас қала республикалық бюджет доноры аймақтарының қатарында. Қаланың құрылысы осымен тоқтамайды. Әрі қарай жүре береді.
Асима Нұрбайқызы