Елордада жол қозғалысына өзгерістер енгізілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада жол қозғалысына өзгерістер енгізілуде

11.09.2020

Елордада Қабанбай батыр көшесінің бойындағы автобус жолағымен жүруге рұқсат берілді. Керей Жәнібек көшесінен Қарқаралы жол айрығына дейін жолаққа кіргендерді «Сергек» түсірмейді. Бірақ бұл уақытша. Себебі қазір жөндеу жұмыстарына байланысты Тұран даңғылы жабық. Ол бір айға созылуы мүмкін. Сондықтан кептелісті азайту керек. 

Жалпы, қалада осы көлік қозғалысын реттеу үшін түрлі өзгеріс енгізіліп жатыр. Ол қандай жаңашылдықтар? 

Бұл - Тәуелсіздік пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысы. Мұндағы ерекшелік мына сызықтар. Яғни, солға қарай бұрылатын көліктер осы сызықтың ішімен жүруі тиіс.

Махамбет Төлешов, қалалық Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:

- Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін және кептелістерді азайту үшін. Алдымен анализ өткіземіз. Қосымша сызықтар қалада 11 көше қиылыстарында енгізілген.

Бұл жүргізушілер бір-біріне кедергі келтірмеуі үшін қажет. Сондықтан сызықты басып немесе кесіп өткендер жазаланбайды. Қаладағы жаяу жүргінші өткелдері де өзгеріп жатыр. Бұрынғы ақ сызықтардың орнына сары түсті өткелдер көбейген. Ал түндегі қауіпсіздік үшін 5 өткелге жарық орнатылса, 22 өткелге қосымша бағдаршам қойылған.

Амангелді Сейітхан, тілші:

- Жол қозғалысындағы тағы бір өзгеріс - көшелердің қиылысына, міне, мынандай қызыл сызықтар қойылып жатыр. Мұның бір пайдасы - көліктер бұрылған кезде ара қашықтық сақталады. Ал екіншіден, осы көшемен тура жүретін көліктер бағдаршамға тоқтаса да, оңға қарай бұрылатын машиналар тоқтамай өте береді.

Осындай шаралар нәтижесінде жол апаттары да азайыпты. Мәселен, оқыс оқиғалар былтырғыдан 40 пайызға, жапа шеккендер 50 пайызға кеміген. Сол себепті жаңа жобалар кезең-кезеңімен іске аса бермек.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу