Шымкент қаласындағы ипподром орнына көпқабатты тұрғын үй кешенін салу туралы шаһар билігінің ұсынысы сәулетшілер мен тұрғындардың наразылығына тап болды. Өйткені зәулім баспана шаһардың ең ірі демалыс аймағының іргесінен бой көтергелі отыр. Ал ең сорақысы - бұл жоба қаланың дамуы жөніндегі бас жоспарына кереғар келіп тұр.
Ипподромның орны 2012 жылы қабылданаған қаланың бас жоспарына сай демалыс аумағы болып бекітілген. Оның үш қапталын зообақ, «Тұлпар» көлі мен «Қазына» этнотарихи кешені қоршап тұр. Сәулетшілердің айтуынша, тұрғын үй кешені салынса атшабар маңындағы жасыл желек оталып, құриды. Сондай-ақ, демалыс аймағына апаратын күре жолда көлік қозғалысы қиындайды.
Асқар Мамырбаев, «Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығы» бірлестігінің төрағасы:
- Егер сол жерде көпқабатты тұрғын үй кешені бола қалған жағдайда ол жерге коммуналдық құрылымдар тарту қиын болады. Өйткені ол жүйелер қазіргіні көтермейді.
Алдын ала жасалған жоба бойнша бұл жерге құрылыс компаниясы комфорт және бизнес санаттағы тұрғын үй салу жоспарын ұсынған. Одан бөлек, мектеп пен аурухана және де оңалту орталығы бой көтереді. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жобаға инвестор 133 миллиард теңгеге жуық қаржы салмақ.
Қала әкімі бұл жобаны өткен аптада Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға да таныстырып үлгерді. Инвесторларға ұсыныс қала әкімдігі тарапынан жасалған. Алайда көптің наразылығынан кейін шаһар билігі мұның әлі тек жоспар екенін, халықтың мақұлдауынан кейін ғана нақты жұмыс басталатынын айтып ақталуда.
Нұрлан Архабаев Шымкент қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:
- Қазір мына ұсыныстан соң есебі шығарылады. Сол ұсыныс бойынша нақты егжей-тегжейлі жоба жоспар жасалған соң бәрінің есебімен халықтың алдына шығарамыз. Мынандай есеп, мынау тізімі, мынау тиімді деп. Сонан соң қарауға болады.
Бастапқы жоспары бойынша бұл жоба келер жылдың көктемінде басталуы тиіс болатын. Оған наразылық ретінде «Шымкент қаласы сәулетшілер қауымдастығы» бірлестігі қала әкімі Мұрат Әйтеновке ашық хат жолдады. Өйткені 420 гектар алқаптағы «Шымкент сити» аумағы игерусіз жатқанда биліктің атшабардың алақандай жеріне көз тігуін көпшілік құптамай отыр.
Ғани Қалмахан