Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 28 миллионнан асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 28 миллионнан асты

11.09.2020

Әлемде Covid-19 вирусын жұқтырғандар 28 миллионнан, ал одан қайтыс болғандар 908 мыңнан асты. Бірқатар мемлекеттерде науқастардың тәуліктік саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Бұл пандемияны тоқтату үшін кемі екі жыл кетуі мүмкін.  Адамзат пандемияны алдағы екі жылда бақылауға алуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары осындай болжам айтты. Бұл кеселмен бүкіл әлем күрес жүргізіп жатыр және де оны тоқтатуға заманауи технология жеткілікті. Жетіспей тұрғаны тек – ауызбіршілік. 

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:

 - Меніңше, қазір алаңдататын басты мәселе - ынтымақтастықтың жоқтығы. Біз бөлініп жатқанда, вируста әрі қарай тарайтын мүмкіндік болады. Тағы да айтайын, ынтымақ қажет, сонда ғана біз бұл індетті жеңе аламыз.

Соңғы күндері кейбір елдерде науқастар күрт көбейіп отыр. Францияда инфекция бір күнде 10 мыңдай адамнан табылды. Бұл мемлекет Covid-тен қайтыс болғандар саны бойынша Еуропада Ұлыбритания мен Испаниядан кейінгі үшінші орынға шықты. 

Испанияның солтүстігіндегі Басктер елінде коронавирусқа байланысты бастауыш мектеп жабылды. Себебі, бірнеше мұғалімнен қауіпті вирус анықталған. 

Фернандо Симон, Испания төтенше жағдайлар орталығының директоры:

- Әр өңірде оқу жылы әр түрлі уақытта басталды. Кейбір жағдайда мектептер бір-екі аптаға кешігіп ашылды. Осыған байланысты вирус жұқтыру оқиғалары алдағы уақытта көбеюі мүмкін. 

Украинада рекорд жаңарды. Өткен тәуліктегі коронавирус науқастарының саны 3 мыңнан асып, 53 адам қайтыс болған. 

Үндістанда да жаңа антирекорд. Мұнда соңғы 24 сағатта жұқпалы дертке 96500-ден астам адам шалдығып, мұндай пациенттердің жалпы саны 4,5 миллионнан асып кетті.


Жансая Қапасқызы

Хабарламаларға жазылу