30 жылға кешіккен қарыз. Қазақстанда өткен ғасырдан қалған салықтағы қарыздары халыққа енді жетіп жатыр. Редакциямызға осындай уәж айтқан тұрғындар көбейді. Бірақ, құзырлы органдар кінәларын мойындар емес. Бір-біріне сілтеп отыр.
Зейнеткер Ермак Данияровтың ширек ғасыр бұрын сатып жіберген көлігіне салық енді салынып жатыр. Ұзақ уақыт хабар бермегендері аздай, енді ескертусіз зейнетақысын тұсап отыр. Абдыраған жігіт ағасы бүгін салық мекемесіне өз аяғымен келді.
Ермак Данияров, зейнеткер:
- 3-ші қыркүйекте сіздің кабинетіңізге салық инспекциясы кірді деген SMS-хат келді. Содан бері неліктен зейнетақым берілмей жүргенін түсінбедім. Сосын білгенім, көлік үшін 5900 теңге төлеуім керек екен. Көлік 1996 жылдан бері менің атымда тіркеліп тұр. Бірақ 1997 жылдан бері машинаны көрген емеспін. Себебі сенімхатпен сатып жібергенмін.
Кілтипан көліктен шыққан. Сергелдеңге салғаны - сатып алу келісімшарты емес, сенімхатпен сатқаны. Зейнеткердің кінәсі осы. Қарызы барын 23 жылдан соң айтқан кірістер басқармасы өздеріне шаң жуытпай жол-полициясына ысырып отыр. Берешек туралы ақпаратты ширек ғасырдан кейін солар тауып алған.
Арман Дүйсенов, Байқоңыр аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы:
- Біз сұрау жібереміз. Транспорт туралы мәлімет жинаймыз. Сосын салық сомасын есептеп сізге көрсетуге міндеттіміз.
Жалпы көлік салығына қатысты осы сарындас мәселе көп кездеседі. Жіберетін қателік жалғыз. Бұл мүлікті атынан шығармай екеуара уағдаластықпен есеп айырысудың салдары. Оразбек Толыбаев та осылай сан соғып қалған. Салығынан 10 жылдан кейін құтылды. Бірақ қайтаратыны еселеп көбейіп, 600 мыңнан асып кеткен.
Оразбек Толыбаев, қала тұрғыны:
- Сатып алған кісілер төлейді деп жүргенбіз. Ол кісілер хабарға шықпады сондықтан, өзімізге төлеуге тура келді.
Мәселенің мән-жайын білу үшін сала министрлігіне хабарластық. Баспасөз хатшысы тиісті комитетіне жолдады. Бірақ, сол күйі жауап ала алмадық. Зейнеткер сияқты бізде сабылдық. Ал Ермак Данияров болса салық төлеуден қашпайды. Тек мұнымен мәселе шешілмейтінін естіді. Енді ол 23 жыл бұрын сатқан көлігінің қазіргі иесін іздеп, утилизациялауы тиіс. Әйтпесе басынан проблема айырылмайын деп тұр.
Нысаналы Ығыл