Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековке қатысты прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі қылмыстық іс қозғады. Ол 12 қыркүйекте ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. 13 қыркүйекте мамандандырылған тергеу соты қала әкімінің орынбасарын екі айға қамау туралы санкция шығарды. Әзірге қылмыстық істің не үшін, қай баппен қозғалғаны тергеу құпиясы ретінде жарияланбай отыр.
Жақсылық Шалабеков Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болып өткен жылдың ақпанында тағайындалған. 2011 жылдан бастап 2019 жылға дейін ол қаланың құрылыс бөлімін басқарды. Шалабеков әкімнің орынбасары болғанда жер пайдалану, қала құрылысы, сәулет, үйді және әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру мәселелеріне жетекшілік етті.
Руслан Нұрланұлы