Алматыдағы емханалар коронавирустың екінші толқынына дайындықты бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы емханалар коронавирустың екінші толқынына дайындықты бастады

14.09.2020

Алматы емханалары коронавирустың болуы ықтимал екінші толқынына дайындықты бастап кетті. Соңғы тәулікте қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір дерегі тіркелмесе де, мамандар карантин талаптарын барынша ұстануға шақырады. Бүгін онлайн брифингте Алматы қалалық №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары емдеу мекемесіндегі жұмыс барысын баяндады. 

Жазира Оразқызы, тілші:

- №2 емхана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Қалмұратованың сөзінше, пандемия басталғаннан бері қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың басым бөлігі бүгінде сауығып, үйлеріне аман-есен оралған. Дегенмен, маман болуы ықтимал екінші толқынға да дайын болу керектігін айтып отыр. Қаладағы барлық емханаларда науқастар қатаң түрде алдын ала жазылу арқылы қабылданып жатыр. 2 емханада COVID-19 ауруының ең жоғары деңгейінде 12 мобильді топ жұмыс істеген. Қазір жағдай тұрақты. Дегенмен, босаңсуға болмайды. Алдағы уақытта инфекцияның жаңа толқыны болуы мүмкін деген болжам жасалған. Бұл кезде әдеттегідей суық тию, бактериалды инфекция, тұмау мен пневмония аурлары белең алуы ықтимал. Пандемияға байланысты осы аралық қауіпті болғандықтан, маман тұрғандарға кеңестерін берді.  

Хабарламаларға жазылу