Ақтөбе тұрғыны мұнайшы кәсібін тастап, диқаншылыққа бет бұрды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе тұрғыны мұнайшы кәсібін тастап, диқаншылыққа бет бұрды

18.09.2020

Ақтөбе облысының тұрғыны Ерлан Алмағамбетов мұнай компаниясындағы қызметінен кетіп, өзі туып-өскен ауылда бақша дақылдарын өсіріп жатыр. Осылайша бұрынғы мұнайшы енді ауылдастарын таза, табиғи өніммен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа кәсіптің табысы да аз емес.

Ерлан 20 жыл мұнайшы болды. Сондықтан бастапқыда өзі үйреніп қалған қызметті тастау оңайға соқпаған. Дегенмен отбасымен шешім қабылдап, былтырдан бері бақша дақылдарын егуді қолға алды. Бірнеше ауылдасына жұмыс берді.  

Ерлан Алмағамбетов, қожалық иесі:

- Мұнайда тек айлық қой алатын. Ауыл шаруашылығында еңбек етсең, мысалы, 1 жыл жүріп мұнайда алатын ақшаны 3-4 айда табуға болады. Қалған күнде үйде боласың. Еще жұмысшы аламын, басқа адамдарға жұмыс бересің.

Ерлан биыл 20 гектар жерге қауын-қарбыз екті. Түсімі жаман емес, әр гектарынан 30-40 тоннадан өнім алып отыр. Оны ауылдастарына арзан бағаға сатады. Мысалы, облыс орталығында қарбыздың келісі 150 теңге шамасында болса, қожалық иесі оны 50 теңгеден сатады. Істің ілімін тапқан шаруа тамшылатып суару әдісін де үйреніп алды.

Ерлан Алмағамбетов, қожалық иесі:

- Басында ақша саласың, капельный лентаға, пленкаға. Бірақ кейін адамға жұмыс істеуге жеңіл. Мысалы, мынадай поляда баяғыдай арықпен суаруға 20 адам жұмыс істеу керек болса, біздер 5-6 адаммен атқарып шықтық.

Ақтөбе облысының Темір ауданында жиыны 25 ауылдық округ бар. Әкімдік алдағы уақытта Ерлан секілді диқаншылықты дамытамын дегендерге қолдау көрсетуге әзір.

Жолдас Батырхан, Темір ауданының әкімі:

- Өндіріспен айналысатын тек екі округ. Олар Кенқияқ пен Саркөл. Яғни, мұнай мен газ өндіріліп жатқан аймақтар. Қалған 23 ауыл тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда 300-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымдары бар.

Шаруашылық иесі алдағы уақытта өзі өсіретін көкөніс түрін көбейтпек. Одан бөлек жылыжай мен көкөніс сақтау қоймасын көтеруді жоспарлап отыр. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу