Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауыл-аймақтың әлеуеті арта түсуде. Игі жобалардың аясында Ақжарма ауылында күріш ақтайтын шағын зауыт іске қосылып, елді мекеннен сапалы өнім шығаруға мүмкіндік туды. Сондай-ақ, апатты жағдайдағы «Айтек» су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданында болып, өлкенің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Сырдариялық диқандар үшін «Айтек» су торабының маңызы зор. Каналдар жүйесіне су жеткізетін гидронысанның былтыр темірбетон қабырғалары сыр беріп, апатты деп танылған болатын. Жөндеу жұмыстарын биыл қолға алмаса, су реттегіш тоспа істен шығар еді. Бірақ, жыл басында облыс бюджетінен қаржы бөлініп, шұғыл шаралар қабылданды. Стратегиялық нысанды толық қайта қалпына келтіру үшін ел қазынасынан да қомақты қаражат бөлініп отыр.
Хамит Биімбетов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:
- Биылғы таңда Үкіметтен гидроузельді қайта қалпына келтіруге 700 миллион қаражат бөлініп жатыр. Құжаттамалары дайындалып жатыр.
Ал егін маусымында су тапшылығына қарамастан аудан еңбеккерлері ақ күріштен мол өнім алуға ниетті. Сыр салысының шығыны жақсы. Қазір егістік алқапта жиын-терім жұмыстары қызу жүріп жатыр. Әзірге дәнді дақылдың 40 пайызға жуығы қамбаға құйылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күрішшілермен жүздесіп, егіннің жайымен танысты.
Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысының әкімі:
- 15 қазанға дейін егінді орып бітеді деп жоспарлап отырмыз. Қазір осы ауданнан Нұр-Сұлтан қаласына жәрмеңкеге өнімдерін алып кетті.
Биыл егіні бітік шыққан Ақжарма ауылында жаңадан күріш ақтау зауыты іске қосылды. Жобаның жалпы құны 56 миллион теңге. Мемлекет қолдауының арқасында елді мекен диқандары Сыр салысын өздері өңдеп қана қоймай, ел нарығына шығаруды көздеп отыр.
Ә.Серікұлы