Бір шаңырақ астында қос батыр ана тұрады. Оның бірі 13 перзент дүние әкелсе, енді бірі 7 бала тәрбиелеуде. Екеуі де «Алтын алқа» иегерлері. Олар Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр кентінде тұрады.
Көптік етпесін, көпбалалы Гүлбаршын апайдың осындай 40-тан астам немересі мен 20-ға жуық шөбересі бар. Бүгін де сол бұзықтарының қылықтарына қызыға қарайды. Бұл тәрбиелеп, өсірген 13 баламның жемісі,-дейді. Кезінде Баратай ауылына бұрымды келін атанған Гүлбаршын апай бүгінде ақ самайлы аяулы ана, ардақты әже.
Гүлбаршын Букенова, батыр ана:
- Еңбекпен осыларды жанымызды жеп өсірдік, оқыттық, тоқыттық. Бала туған сайын қуанамыз. Қолымдағы келініме де әрдайым құдай берсе әкеле бер деп айтамын. Ол да менің жолымды қуып келеді.
Иә, Гүлбаршын Букенованың кенже келіні де енесінің сара жолын жалғауда. Бүгінде көпбалалы ана 7 бала тәрбиелеуде.
Нұргүл Букенова, «Алтын алқа» иегері:
- Мен осы әулетке 2005 жылы келін олып түстім. Көпбалалы отбасының ең кенжесінің жарымын. Өзім де 7 бала тәрбиелеп отырмын. Үлкені 13 мүшел жасқа толса, кішкентайына 9 ай. Көпбалалы болғаның бір жағы оңай, қиын тұстары да бар.
Айта кету керек, бүгінде облыс бойынша осындай көпбалалы 6545 Батыр ана бар. Олардың қатары жыл санап артып келеді. Ал, көпбалалы ақ жаулықтылардың көбейгені елдің болашағы мен демографиясына да зор үлес қосары сөзсіз.
Ермек Елберген