Ақтөбедегі төтенше жағдайға байланысты толық ақпарат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі төтенше жағдайға байланысты толық ақпарат

06.06.2016
Ақтөбедегі төтенше жағдайға байланысты толық ақпарат

Ақтөбедегі төтенше жағдайға байланысты ел аумағындағы барлық әскери бөлімшелер күшейтілген тәртіпке көшті, деп хабарлайды 24kz.

Қанды оқиға болған өңірдің өзінде лаңкестікке қарсы операция режимі енгізілді. Мұндай шешім қару-жарақ дүкендері мен Ұлттық ұланға жасалған шабуылдардан кейін қабылданды. Ішкі істер органдары 4 қаскөйдің көзін жойып, тағы жетеуін қамауға алды. Жексенбі Ақтөбе үшін ойранмен өтті. Күллі жұртты дүрліктірген қанды оқиға «Паллада» және «Пантера» қару-жарақ дүкендеріндегі атыстан басталды. Ондағы 2 адамды жер жастандырған қаскөйлер іле-шала жолаушылар автобусын басып алып, ішіндегі адамдарды түсіріп, Ұлттық ұлан ғимаратының қақпасын бұзып кірген. Онда да лаң салғандар 3 әскери қызметкерді мерт қылды.

Сәбит Жәңгіров, куәгер: - Сағат 14:30 шамасында ғой сол. Осы «Пантера» дүкенінің қасында тұрамын. Көлікпен келе жатқанда алдымда көлденеңінен 9-автобус тұрған. Ішіндегі адамдары қашып, маған қарай шапқан соң, екі жақтан да полицейлердің «Пантераға» қарай атқылап жатқанын көрдім. Содан артқа шегініп, жолымнан бұрылып, арт жаққа тоқтап барып қарадым. Атыстан жарақат алғандар да аз емес. Оларды қабылдаған ауруханалардың бірі 13 адамның жеткізілгенін айтады.

Байрам Жұмағалиев, жедел медициналық жәрдем ауруханасының дәрігері: - Адамдар бізге травматологиялық бекет арқылы жіберілді. Барлығы 13 адам түсті. 11-і қазір стационарда жатыр, ал жеңіл жарақат алғандарын үйлеріне жібердік. Олардың арасында құрсақ қуысы, жамбасы жарақаттанғандар бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеме жасап, халыққа аса сақ болуды ескертті. Күдік туғызған азаматтарды байқаған жағдайда, ішкі істер органдарына хабарласуға шақырды.

Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі: - Ақтөбеліктердің сақтық танытуларын сұраймыз. Күмәнді тұлғаларды байқасаңыз, 102 нөмірі арқылы ішкі істер органдарына шұғыл түрде хабарлау қажет. Құрметті жерлестер, сіздерден сабырлық танытуды сұраймыз. Жоспарлы антитеррорлық операциялар жүргізілуде. Жағдайдың бақылауда екендігіне сендіреміз. Қазіргі кезде ахуал тұрақты. Халықты шошытқан оқиғамен жағаласып әлеуметтік желілерде Ақтөбедегі атыс-шабыс деген атаумен бейне-жазбалар да қаптап кетті. Еліміздің құқық қорғау органдары оның бәріне бірдей сене бермеуді ескертеді. Бұл роликтер бір ай бұрын қалада түсірілген «Спецназ» және «Арлан» атты сериалдардың жарнамасы болып шықты.

Алмас Садубаев, ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі: - Сюжеттік желілердің, сонымен қатар көшедегі қаруланған бір топ адамдардың, автокөліктің қақпақты тесігінен автоматтан оқ жаудырудың бейнероликтері әлеуметтік желілерде актерлермен жарнамалық мақсатта орналастырылған. Ал, атыстан кейін ел аумағындағы барлық әскери бөлімшелер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қазір жараланғандардың нақты саны әлі анықталуда.



 

Хабарламаларға жазылу