Құс тұмауы: Шығынға батқан шаруа иелеріне өтемақы төлеу үшін мемлекеттен 400 миллион теңге бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құс тұмауы: Шығынға батқан шаруа иелеріне өтемақы төлеу үшін мемлекеттен 400 миллион теңге бөлінді

21.09.2020

Құс тұмауы еліміздің 5 бірдей облысына тарады. Өңірлердегі 26 ауданның 47 елді мекенінде үй құстарының қырылғаны анықталған. Жеке аулаларда 13 мыңға жуық өлексе табылды. Ауру жабайы құстар қонатын су қоймаларынан тарауы мүмкін деген болжам бар. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі хабарлады.  

Ақмола облысында құс тұмауы Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында тіркелді. Елді мекенде 114 үй құсы қырылып қалған. Енді ауыл карантинге жабылуы мүмкін. Қанаттылардың қырылу дерегі Егіндікөл, Астрахан, Бұланды және Атбасар аудандарында да тіркелді. Әр ауданда 20-30 құстан өлді деген ақпарат бар. Облыс тарапынан ауыл шаруашылығы министрлігіне вакцина бөлу жөнінде сұрау жіберілді. 

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Солтүстік өңірден бөлек, басқа аймақтарда да құстардың қырылған дерегі бар. Мұның бәрі құс тұмауы деп нақты айта алмаймыз. Өйткені, сынамалар енді алынды. Сараптама қажет. Оның нәтижесі алдағы күндері белгілі болады. 

Жалпы жыл басынан бері құс тұмауына қарсы профилактикалық бағытта 3,5 миллион доза вакцина аймақтарға жеткізіліп, 1 миллион 800 мың үй құсы егілген. Алайда, індеттің өршуіне байланысты республикалық қордан қосымша 1,4 млн доза вакцина бөлінді. Бұл 4,7 млн құсты вакцинациялауға мүмкіндік берді. Ертең аталмыш облыстарға тағы 1 миллион доза вакцина жеткізіледі. Құс тұмауынан шығынға батқан шаруа иелеріне өтемақы төлеу үшін мемлекеттен 400 миллион теңге бөлініп отыр.

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Өтемақы алу тәртібі қарапайым: құсы қырылған шаруа иесі банктердің бірінен жеке шот ашады. Кейін шаруа иесі тұратын аудан әкімдігінің ветеринарлық қызметі қырылған құстардың утилизациялық актісін береді. Осыдан кейін арнайы комиссия әр аймақ бойынша үй құсының орташа бағасын шығарады. Өтемақы үш күннің ішінде шотқа түседі. 

Жыл сайын елде 5,5 миллиард жұмыртқа, 223 мың тонна құс еті өндіріледі. Қанаттылар қырылғанымен, елде құс өнімдерінің тапшылығы болмайды. Министрлік өкілі осылай деп отыр. 

Еркебұлан Ахметов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі департамент директоры:
- Құс фабрикаларында тіркелген жағдай ішкі нарықтың бағасына тікелей әсер етпейді. Қазақстанда 35 құс фабрикасы бар. Бұлардың қуаттылығы жеткілікті. Жалпы ішкі нарықты қамтамасыз етеді. 
Фариза Мұсақызы, тілші:
- Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет індет шыққан аймақтардың құс фабрикаларында жұмыс істеген 400-ге жуық адамды анықтады. Дәрігерлер олардың денсаулығынан еш кәнірат таппаған. Демек, құс тұмауы адамға қауіпті деуге негіз жоқ деп отыр. Әрі коронавирусқа еш қатысы жоқ. Және құстың етін жеген адамға жұғатын деректер де өте сирек кездесетінін айтады.

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу