Теріскейде 107 мың құс қырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теріскейде 107 мың құс қырылды

23.09.2020

Құс тұмауына байланысты облыстарда елді мекендер карантинге жабылуда. Ақмола облысы Жарқайың ауданының Шойындыкөл ауылында шектеу шаралары енгізілді. Себебі онда 200-ге жуық үй құсы қырылып қалған. Жалпы республика бойынша ахуал тұрақсыз. Құстардың қырылу дерегі тіркеліп жатқан аймақтар күн сайын көбеюде. Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданындағы 38 елді мекенде құстарға екпе салу жүріп жатыр. Жалпы, өңірде жеке үйлерде 13800, фабрикаларда 93 мың құс қырылып қалды. Қазір өңірде республикалық эпизоотикаға қарсы жасақ мамандары жұмыс істеп жатыр. Олар ауру және өлген құстарды жинап, өртеуде. Бұған қоса індет ошағын зарарсыздандыру жұмыстары да жүргізілуде.  

Павлодар облысының Тереңкөл және Железин аудандарында карантин енгізілді. Қазіргі уақытта елді мекендерге кіріп шығатын көліктердің барлығы тексерілуде. Аудандарға құс өлекселерін өртейтін пеш әкелінді. Бүгінгі күнге дейін Ақтау ауылында 60-қа жуық қанатты жағылды. Железин ауданында 93 мың үй құсы бар. Олардың барлығы жойылмақ. Сондай-ақ, жабайы құстарды аулауға уақытша тыйым салынды.

Бауыржан Қаңтарбаев, Железин аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:  

- Ауру тараған ауылдан 8 шақырымдық жердегі құстардың барлығы жойылады. Бұл шараларды эпизотикаға қарсы жасақ мамандары жүргізеді. 25 шақырымдық аумақ «Буферлі зона» деп аталады. Ал 50 шақырымдық жер бақылау зонасы. Осы екі аумақта екпе салу жүргізіледі. Бүгінгі күні 90 мың доза екпе бар. 

Ал Қостанай облысындағы Арқалық құс фабрикасының жұмысы уақытша тоқтауы мүмкін. Cебебі, мұнда екі күннің ішінде 300-ден астам тауық қырылып қалған. Оның сынамалары Нұр-Сұлтандағы ұлттық референттік орталыққа жіберілді. Қорытындысы ертең мәлім болады. Егер құс тұмауы анықталса, кәсіпорында ғана емес, қала бойынша карантин жарияланады. 

Самат Қалиев, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы: 

- Қазіргі кезде құс фабрикасында індеттің таралуына жол бермеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, құс қоралары, басқа да бөліктері толық тазартылып, зарарсыздандырылады. Әзірге кәсіпорын жұмысын тоқтатқан жоқ. Қалай боларын сарапшылардың қорытындысынан кейін ғана айта аламыз.

Ал Ақмола облысына Ауыл шаруашылығы министрлігінен вакцина бүгін жеткізілді. Екпе алдағы күндері басталмақ.

Ермек Елберген 


Хабарламаларға жазылу