Ұлыбританияда коронавирустың өршуіне байланысты жаңа шектеу шаралары енгізілді. Соңғы апталарда Біріккен Корольдікте Сovid науқастарының саны күрт өскен. Эпидахуалдың нашарлауы басқа да Еуропа елдерінде алаңдатарлық деңгейде.
Британияда қызметкерлер қайтадан қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысып, тойларда 15 адамнан артық бас қосуға, стадиондарда көрермендердің жиналуына тыйым салынды. Кафе-барлар кешкі 10-да жабылуы тиіс. Шектеулердің күшейтілуіне індеттің өршуі себеп. Елде инфекция тәулігіне 5 мыңдай адамнан анықталып, дертке шалдыққандардың жалпы саны 406 мыңнан асқан. 42 мыңдай адам қайтыс болды.
Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Бұл індет бір жылға да жетпейтін уақытта миллионға жуық адамның өмірін қиып, әлем экономикасына шығын келтірді. Сovid -пен күресу үшін темірдей тәртіп керек. Сондықтан шектеу шаралары жарты жылға дейін созылуы мүмкін.
Алдағы уақытта әлемде барлық халықаралық әуе рейстерінің жолаушылары үшін коронавирусқа тест тапсыру міндетті болуы мүмкін. Әуе транспортының халықаралық қауымдастығы осындай ұсыныс білдірді. Шетелге ұшу алдында тест жасалса, кейін карантиннен өтудің қажеті жоқ. Әрі бұл әуе қатынасын қалпына келтіруге сеп болады дейді ұйым басшылығы.
Александр Де Жюньяк, IATA Бас Директоры:
- Бұл – карантинді алмастыру үшін ұсынылған балама әдіс. Қазір мемлекеттер арасында бірыңғай стандарттарды жасау үшін келіссөз жүргізіліп жатыр. Яғни аталған шара барлық елдер талаптарды бірдей орындағанда ғана тиімді болады.
Жалпы әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 32 миллионға жуықтап қалды. Ал, АҚШ-та 200 мыңнан астам адам індеттің құрбаны болды. Үндістанда күніне 80 мыңдай науқас тіркеліп, инфекция 5,5 миллион адамнан табылса, Бразилияда мұндай науқастар саны 4,5 миллионнан, ал Ресейде 1 миллион 100 мың адамнан асты.
Жансая Қапасқызы