Қызылордада жаңа жолдардың кепілдік мерзімі бітпей жатып, сапасы сыр берген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мониторингтік топ өкілдері мен сала мамандары қала көшелеріне тексеру жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады. Атап айтқанда, Сағымбаев пен Махамбетов көшелеріне 2018 жылы жаңа асфальт төселген. Бірақ екі жылға жетпей жолдың ой-шұқыры шығып, жөндеуді қажет етіп тұр. Жауапты мекеме жылжымалы зертханамен асфальттің қалыңдығын тексеріп, тиісті сынама алды. Және жол салушы мердігер мекеме өкіліне анықталған олқылықтар көрсетіліп, қайта қалпына келтіру туралы хаттама толтырылды.
Жалпы осыған дейін де арнайы мобильді топпен жаңа жолдарға бақылау жүргізіп, 20-дан аса кемшілікті анықтаған.
Марат Ысқақов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК облыстық филиалының инженері:
- Бұл көшелерде кейбір жерлерінде жарықшақтары бар. Және шұңқырлар пайда болған. Біздің мекеме енді оны назардан тыс қалдырмайды. Үнемі бақылауда болады.
Ғазиз Төлепов, мердігер мекеме өкілі:
- Бұл көшелердің 2 жылдық кепілдемелері бар. Және де аталған кемшіліктер, ақаулар жақын арада жөнделеді деп кепілдеме береміз.
Әділбек Серікұлы