Егілген құстың етін 21 күннен кейін ғана жеуге болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Егілген құстың етін 21 күннен кейін ғана жеуге болады

24.09.2020

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша елімізде 220 мыңнан астам құс қырылып қалды. Оның 203 мыңы құс фабрикаларына тиесілі. Індет еліміздің 7 аймағында тіркелген. Қазіргі күні сау құстарды вакциналау үшін 2 миллион 400 мың дозаға жуық дәрі бөлінді. Бірінші қазанға дейін тағы 700 мыңын өңірлерге жеткізбек. Ирина Алексеева Пеньково ауылының тұрғыны. Ауласында 10 шақты қаз ұстайды. Індет келді дегенді естігесін-ақ, бірден құстарын қораға қамаған. 

Ирина Алексеева, ауыл тұрғыны: 

- Құс тұмауы басталды деген соң қаздарымды ешқайда шығармайтын болдым. Бүгін ветеринарларды шақырып, вакцина салдырып жатырмын. 

Қызылжар ауданында жекеменшікте 180 мыңнан астам 4 құс фабрикасында 1 миллион 844 мың құс бар. 

Арман Елеукин, Аудандық ветеринарлық станция басшысы:  

- Аудан бойынша бүгінгі күнге дейін 33 170 құсқа вакцина салынды. Жұмыстарды 16-17-інші қыркүйектен бастадық. Үй-үйді аралап жүріп, қауіптілігін ескертіп, екпе жасап жатырмыз. 

Вакцина салудың өз ережесі бар. Және егілген құстың етін 21 күннен кейін ғана жеуге болады. 

Сағындық Сәбитұлы, тілші: 

- Ауылдың ветеринар мамандары ауру ошағынан буферлік аймақтағы яғни, құс тұмауы шыққан жерлерден 20 шақырым радиустағы елді мекендердегі құстарға екпе салып жатыр. Жалпы облысқа 873 мың отандық вакцина жеткізілген болатын. Қазіргі күні Солтүстік Қазақстан облысындағы 7 аудандағы 18 елді мекен карантинде. Жалпы 11 аудандағы 53 ауылдық округтегі құстарға екпе салу жоспарланған. 

Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Изенді және Тассуат ауылдарында қырылған үй құстарынан құс тұмауы ресми анықталды. Бүгін олардың саны 104-ке жеткен. Мамандар енді аталған ауылдардағы барлық үй құстарын өртеуге бекініп отыр. Ал маңайдағы елді мекендердің құстарына екпе жасалады.  Ақмолада да үй құстарына вакцина салу басталды. Өңірге 510 мың доза екпе жеткізілді. Аймақта 1,5 мыңнан астам қанатты қырылып қалған. Бұған дейін құс тұмауы 1 ауданда расталды. Ал 6 аудан бойынша сараптама нәтижесі әлі жоқ.   Қостанай облысында құс тұмауы шыққан үш елді мекен карантинге жабылды. Бұлар Меңдіқара, Ұзынкөл және Сарыкөл аудандарындағы ауылдар. Осы уақытқа дейін мұнда 300-ден астам құс індеттен өлген. Сонымен қатар қатерлі кесел Арқалық қаласындағы құс фабрикасынан да анықталды. Қазір мамандар тиісті құжаттарды әзірлеп, бұл кәсіпорынды да карантинге жабуға қам жасап жатыр.

Сағындық Сәбитұлы


Хабарламаларға жазылу