Солтүстік Қазақстанда да 12 оқушыдан коронавирус анықталды. Министрліктің мәліметінше олармен байланыста болғандар оқшауланып, әлеуметтік мекемелер 14 күнге карантинге жабылған. Ал Шығыс Қазақстанда 4 баланың дертке шалдыққанын кешегі жаңалықтарымызда хабарлаған едік. Сондай-ақ «Барыс» хоккей клубының 19 ойыншысы індеттің ілмегіне ілікті. Вирус жұқтырған алғашқы балада қыркүйектің 14-і күні симптомдары байқалып, 17-сі ПТР тест оң нәтиже көрсеткен. Шығыс Қазақстанда 4 балада вирустың бары анықталып, олармен байланыста болған 130 адам тексеріліп жатыр.
Солтүстіктегі бір балабақша мен 8 мектепте 12 баланың вирус жұқтырғаны бүгін белгілі болды. Қазір жағдайлары бірқалыпты, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған, үйде кешенді ем қабылдап жатыр.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Балалар ауруды жеңіл өткеріп жатыр. Оқу орындары мен балабақша жабылды. Барлық мектепте жұмыс істейтін мұғалімдер, тәрбиешілер ПТР тест тапсырып бақылауға алынды. 14 күнге изоляцияға жабылды.
Коронавирус спортшыларды да айналып өтпеді. «Барыс» хоккей клубының ойыншылары вирусты бір-бірінен жұқтырып, науқастар саны 19-ға жетті. Ал кардиологтардың мәлімдеуінше коронавирустан қайтыс болған әр үшінші адам жүрек қан тамырлары ауруымен ауырған. Сол себепті індет жүрек ауруы барларға оңай тимесі анық. Мамандар жүрегі сыр берген науқастар міндетті тексеріліп, диспансерлік есепте тұру керек дейді.
Айдын Қуанышбек, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігер-реаниматологы:
- Жүрегі ауыратын науқастарға оттегі онсызда жетіспейді. Ал егер өкпесі зақымданса олардың жағдайы одан сайын қиындай түседі. Мұндай науқастарда жедел инфаркт болып кетуі мүмкін.
Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың алғашқы фазасынан өтіп жатыр. Сол себепті екпе науқаны туралы сөз қозғауға әлі ерте. Министрлік шетелден келген жолаушыларды да бақылауда ұстап отыр. Күні кеше сапарлап келген 2 мыңдай жолаушыдан коронавирус симптомдары анықталмады.
Раушан Сайлауқызы