Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қаза тапты деп танылған тағы 29 дәрігердің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты хабарлап отыр.
Ал, COVID-2019 инфекциясын немесе вирустық пневмония жұқтырған 2 955 медқызметкерге біржолғы әлеуметтік төлем берілді. Айта кетейік, бұл төлемдерді міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры береді.
"28 қыркүйек, сағат 09:00-дегі мәліметке сай, міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 2 955 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 29 медицина қызметкерінің отбасына тиісті төлем жасады", - деп хабарланған министрліктің ресми сайтында.
Жалпы, айта кетейік, дәрігердің жұмыс уақытында ауру жұқтырғанын немесе коронавирустан қаза тапқанын облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанынан құрылған арнайы комиссия растайды. Төлем алу үшін берілетін өтініштерді Денсаулық сақтау министрлігі жинап, "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясына, корпорация мәліметті ары қарай міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жібереді, қор өтініш иесіне төлем аударады.
Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына байланысты, елімізде коронавирус инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне 2 млн теңге; COVID-19 коронавирустық инфекциясын, вирустық пневмониядан қайтыс болған медқызметкерлердің отбасына – 10 млн теңге өтемақы жасалады.