Пашинян: Оңтүстік Кавказда басталайын деп тұрған соғыс адам сенгісіз зардап әкелуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пашинян: Оңтүстік Кавказда басталайын деп тұрған соғыс адам сенгісіз зардап әкелуі мүмкін

28.09.2020

Әзірбайжан мен Армения әскерлері арасында қақтығыс жалғасып жатыр. Ресми мәліметтерге қарағанда, жанжал барысында ондаған адам қаза тапқан. Екі жақты ымыраға шақырып Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ үкіметтері және НАТО мен Еуропа одағы мәлімдеме жасады. Армения мен Әзірбайжан әскерлері арасындағы қақтығыс түні бойы тоқтамай, бүгін екінші күнге ұласты. Таулы Қарабақ үшін шайқаста қаза тапқандардың саны 21-ге жетіп, жүздегені жараланған. 

Әзірбайжан сыртқы істер министрлігі елдің алты бейбіт тұрғыны мерт болғанын және 19-ы жараланғанын хабарлады. Ал, осы елдің қорғаныс министрлігінің дерегінше, Армения 550-ден астам жауынгер жоғалтқан. Бірақ, ресми Ереван бұл ақпаратты растамады. Сонымен қатар, тараптар қақтығысты бірінші бастады деп қазір бір-бірін айыптап отыр. 

Ильхам Әлиев, Әзербайжан Президенті:
-Бүгін таңертең Армения қарулы күштері ауыр артиллерияны пайдаланып, елді мекендеріміз бен әскери позицияларымызға оқ жаудырды. Жаудың шабуылынан бейбіт халық пен әскери персонал арасында адамдар құрбандар болды.

Ресми Ереванға сенсек, жанжал отының тұтануына қарсы жақ кінәлі. Сонымен қатар, Армения соғыс жағдайын жариялап, армия қатарына резервистерін қайта шақырып жатыр. Әзірбайжан соғыс жағдайын жартылай ғана жариялаған. Ал, Таулы Қарабақ қарулы күштері опат болғандар туралы видеоны көрсетті. Олардың үстінде – Әзірбайжан униформасы. Дегенмен, Армения қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жанжал барысында 200-дей армениялық жараланған. Бұған дейін Армения Әзірбайжанның 4 тікұшағы мен 33 танкісін жойғанын хабарлады. Бірақ, мұны жоққа шығарған Баку Таулы Қарабақта жеті ауылды басып алғанын мәлімдеп отыр. Армения болса, жанжал тоқтамаса, Оңтүстік Кавказда кең ауқымды соғыс басталатынын ескертеді.  

Никол Пашинян, Армения премьер-министрі:
-Мен ОБСЕ-нің Минск тобына кіретін елдердің және тұтас халықаралық қауымдастықтың назарын жағдайдың қиындығына аударғым келеді. Оңтүстік Кавказда басталайын деп тұрған кең ауқымды соғыс адам сенгісіз зардап әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар, Армения Түркияны Әзірбайжанға көмекке Сириядан 4 мыңдай содыр аттандырды деп айыптады. Мұны Баку жоққа шығарып отыр. Ал, Түркия қорғаныс министрі Хулуси Акар Арменияны Әзірбайжан аумағынан «жалдамалы әскері мен террористерін» әкетуге шақырды.Таулы Қарабақ халықаралық заңдар бойынша Әзірбайжан территориясы. Негізінен этникалық армяндар шоғырланған аймақ 1992-1994 жылдардағы соғыс нәтижесінде Ереванның бақылауына өтті. 

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу