Алда көкөніс тапшылығы болып, баға әлі өсуі мүмкін. Азық-түлік нарығын зерттеушілер осылай дейді. Себебі карантин фермерлерге қиын тиген. Ал біздің арнамызға осы кәсіппен айналысу үшін Елорданың маңынан жылыжай ашқан азамат хабарласты. Айтуынша, дәл қасынан өтіп жатқан газ бен судың құбырына қосыла алмай отыр.
Болатбек Жолановтың жылыжай ашқанына 9 жыл. Бұрын жылына 300 тонна өнім алатын. Биыл аз. Сондықтан көктем мен жаздағы шығынның орнын қыста толтырсам дейді. Ол үшін жылыжайдың түбінен өтіп жатқан газ құбырына қосылуға қам жасаған. Бірақ мәселе шешілмей келеді.
Болатбек Жоланов, жылыжай иесі:
Менің бармаған жерім қалмады. Әкімшілікке жазбаша түрде жаздым. Қабылдауға осыдан 7 ай бұрын кірдім. Көмектесем деді, бірақ хабарсыз кетті.
«Жауаптылардың хабарын күтумен жаз бітті», - дейді кәсіпкер. Ал әкімдік өкілдері басқа пікірде. Олар нысанды газға қосуға кедергі жоқ, тек техникалық шарт пен жоба құжаттарын кәсіпкер өзі дайындап әкелуі тиіс.
Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі отын энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:
Яғни, арнайы жобалау компаниясын жалдап, сол барлық есептеулерді өзі беруі керек. Өйткені бұл техникалық шарттарды бізге беретін «ҚазТрансГаз» АҚ. Заңға сәйкес әрбір қосылатын субьекті сол заңға қосылу бойынша шығындарды өз мойнына алады.
Бірақ жылыжай иесі қыруар қаржы құйып, жобаны жасаған күннің өзінде мәселе шешілеріне күмәнді. Өйткені осыдан 8 жыл бұрын су тарту үшін жасатқан жобасы сол қағаз күйі қалған
Болатбек Жоланов, жылыжай иесі:
Күніне екі машина су сатып аламын. 10 мың теңгеден. Жобаны Көкшетаудың бір азаматтары ұтып алған. 12 млн аударылып алды. Содан ақша да жоқ, жоба да жоқ.
Әкімдіктің айтуынша, су құбырын салу «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының талаптары өзгерген соң тоқтап қалған. Қайта қарау үшін жаңа өтініш жазу керек. Ал кәсіпкерге қайта құжат жинауға тура келеді.
Амангелді Сейітхан