Елбасы «Шымкент ескі қалашығы» археологиялық нысанына барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы «Шымкент ескі қалашығы» археологиялық нысанына барды

29.09.2020

Шымкентте өкпені жасанды желдету аппараттары шығарылып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шаћардағы «Казмедприбор» серіктестігінің жұмысымен танысты. Қазақстандағы ең көне тарихи орындардың бірі - «Шымкент ескі қалашығына» да барды. Ескерткіш Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан. 

Асима Нұрбайқызы, тілші: 

- Бұл өкпені жасанды желдету құрылғысы. Шымкент зауытында шығарылып жатыр. Ерекшелігі – турбинды технологиямен жасалған. Яғни, науқастың жағдайын осы экран арқылы толық бақылауында ұстап тұрады да, соған қарай оттегін беріп отырады. Әрі электр жарығы өшіп қалса да жұмысын жалғастыра береді.

Аппарат қазір ауадай қажет. Өндіріс орны күніне 100-ге жуығын шығаруға дайын. Турбиналықтан бөлек, неональді, портативті түрлері де жасалады. Бұдан бөлек медициналық жићаз, автокөлік, дезинфекциялық заттар өндірісімен айналысады.   

«Қазмедприбор» компаниясы жылына 50 мың медициналық құрал-жабдық пен 1000-ға тарта медициналық көлік шығаруға қауқарлы. Мұнда баға нарықтан 20-30 пайызға арзан. Сапасы да халықаралық талаптарға толық сай. Импорттық өнімдерді ығыстырады деген үміт бар.

Шаћарда көпбейінді университет ауруханасының құрылысы басталады. 1000 орындық медициналық мекеме жеке инвестордың қаражатына салынады деп жоспарланған. Онда ана мен бала, хирургиялық, терапевтік орталықтар мен бір ауысымда 700 адамға қызмет көрсететін клиникалық-диагностикалық орталық болады. 

Елбасы қаланың негізгі туристік орталығына да барды. «Ескі қалашық» аумағында археологиялық қазба жұмыстары қарқын алған. Осыдан екі жыл бұрын тұңғыш Президенттің тапсырмасына сәйкес «Ескі қалада» ғылыми-реставрациялық, археологиялық зерттеу жұмыстары басталған еді. Шымкент – қазақстандағы ең көне қалалардың бірі. 2200 жылдан астам тарихы бар. Оған қала орталығындағы мына ескі қалашық дәлел. Зерттеу барысында археологтар растаған.  

Ескі қала аумағында ашық аспан астындағы музей салынып жатыр. Ежелгі қалашықтың бекінісі. Мұнда 3 жыл бойы қазба жұмыстары жүргізілді. Елбасы осы археологиялық еңбектің нәтижелерімен, мәдени кешенді одан әрі дамыту жоспарымен танысты.  Жерасты қаласын аршыған мамандар көптеген тарихи жәдігерлерді тапқан. Келер жылы кешен аумағында үш деңгейлі ортағасырлық мұражай мен 500 орындық амфитеатрдың құрылысы басталады. Қалашықтың мәдени қабаттары 14 метр. Ең төменгі тұсында біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырдың соңы ІІ ғасырдың басына тән керамика кешені бар. Демек, тарихи-мәдени мұра ескерткіші әлі де зерттеуді қажет етеді. Құрылыс аяқталғанмен қазба жұмыстары жалғаса бермек.  

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу