5 маусымда Ақтөбеде болған лаңкестік әрекеттер кезінде 6655 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет етіп жүрген кіші сержант Берікжан Қалиев қарулы топқа қаймықпай қарсы тұрып, ерлікпен қаза тапты.
Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында туып-өскен 37 жастағы Б.Қалиев 8 маусым күні Жақсыбай ауылында жерленді. Қапияда мерт болған батыр азаматты ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған өңір жұртшылығы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл қайғылы жағдайды естігенде, бәріміздің қабырғамыз қайысты. Бүгінгі таңда бүкіл ел қайғырып отыр. Қимас азаматтан айырылып тұрмыз. Берікжан сіз бен біздің тыныштығымыз үшін, Тәуелсіздігіміз үшін жанын пида қылды. Батыр азаматтың, оны өмірге алып келген ата-анасының, туған-туыстарының, осы елдің алдында басымызды иеміз. Ол ұрпаққа ұран болатын ерлік көрсетті. Ел мен ер - егіз ұғым. Ел батырларды тәрбиелейді. Сын сағаты туған кезде батырлар елін қорғайды. Елге қауіп төнген сәтте Берікжан Ерланұлы қайсарлық танытып, Отанын қорғау жолында жанын қиды. Әрине, барлық қиындықты ел көтереді. Бірақ, кінәлі адамдар жазасын тартады. Ол үшін мемлекет, заң бар. Мұндай қиын жағдайда бірлігімізді, ынтымағымызды көрсетуіміз қажет. Сабырлық танытайық. Елбасымыз қаза тапқан азаматтардың отбасылары назардан тыс қалмасын деп арнайы тапсырма берді. Соған сәйкес, Берікжан Қалиевтің шаңырағы мен ұл-қыздарына көмегімізді көрсетеміз», - деді А.Көлгінов.
Жерлеу рәсіміне Ақтөбеден арнайы келген ҚР Ұлттық ұланына қарасты 6655 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, майор Бақберген Әнешевтің айтуынша, әскери бөлімге шабуыл жасаған қарулы топтың мақсаты қару-жарақ қоймасына ену болатын. Әскери бөлімнің қарауылы қаскөйлерге тойтарыс беріп, олардың көздеген мақсатына жетуіне кедергі болған. Үш қызметкер сол жерде ерлікпен қаза тапты. Соның бірі - атқыштар батальонында әскери қызмет атқарған кіші сержант Берікжан Қалиев еді. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан қолбасшылығы тарапынан қаза тапқандар отбасына материалдық жәрдем көрсетілуде. Сонымен қатар, олар мемлекеттік марапаттарға ұсынылмақ.
Айта кетейік, Берікжан Қалиев көпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әкесі Ерлан өмірден ерте кеткенімен, анасы Гүлжиян бәріне қамқоршы бола білді. Берікжанның соңында жұбайы Нұрсұлу және төрт баласы қалды.