Жамбыл облысында да құс тұмауы тіркелді. Жуалы ауданындағы Қаратас елді мекеніндегі шаруашылық құстарынан алынған сынамалар оң нәтиже көрсеткен. Қазір Қаратас ауылынан бөлек орналасқан шаруашылық карантинге жабылып, тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ондағы 360 үй құсы жоюға жіберілген. Ал, ауру ошағынан елу шақырымға дейінгі жердегі үй құстарына ауруға қарсы екпе егу жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандардың мәліметінше ауру ошағына жақын маңдағы үй құстарына 44 мыңнан астам вакцина еккен.
Талғат Қожабергенов, Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
-Карантин қойылған жерде Қаратас ауылында эпизотиялық отряд жұмыс жүргізді. 21 күн карантин. Егер 21 күн ішінде құстың шығыны болмаса қорытынды дезинфекция жасалып карантин алынады.
Қостанай облысында құс тұмауы шығуына байланысты тағы үш ауылда карантин жарияланды. Бұлар Арқалыққа қарасты Фурманов, Целинный және Қарабалық ауданындағы Михайлов елді мекендері. Облыс бойынша барлығы қанша құс қырылғанын ресми орындар нақты айтпай отыр. Үзіп-жұлып берген ақпараттың өзінде бірізділік жоқ. Мысалы Арқалық құс фабрикасының мамандары 500 мыңнан астам тауықтың 400 мыңы өліп кәсіпорын қаңырап қалды дейді. Ал қаланың әкімі 360 мың құс өлгенін айтады. Қалай болғанда да шағын шаһардағы 250 адам еңбек ететін кәсіпорын қиын жағдайда қалып тұр.