Алексей Цой: Бесінші қазаннан бастап шет елдермен әуе қатынасын шектеу керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Цой: Бесінші қазаннан бастап шет елдермен әуе қатынасын шектеу керек

30.09.2020
Алексей Цой: Бесінші қазаннан бастап шет елдермен әуе қатынасын шектеу керек

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шет елдердегі эпиджағдайдың нашарлауына байланысты, бесінші қазаннан бастап өзге елдермен әуе қатынасты қайта бастау жұмысын тоқтата тұру керек деген ұсынысын айтты.  

«Шет елдердегі эпиджағдайдың нашарлауына байланысты, елімізге коронавирус инфекциясының шеттен кіруіне тосқауыл қою үшін бесінші қазаннан бастап өзге елдермен әуерейстерді қалпына келтіру жұмысын тоқтату керек. Әуе рейстеріне рұқсат алған елдерден рейстердің санын көбейтпеу керек. Түркиядан келетін рейстер санын қысқарту керек», - деді Алексей Цой Үкімет отырысында.

Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрі сақтық шараларын күшейтіп, әуе қатынасына рұқсат алған елдерден кіріп жатқан азаматтар үшін қосымша шектеу шараларын енгізу керек деп, дабыл қақты. 

«Екінші категориядағы (осы уақытқа дейін рұқсат алған елдердің барлығы екінші категорияға енеді - авт) елдерден келген азаматтар үшін бірқатар міндеттер енгізу керек. Атап айтсақ, олар дене қызуын өлшетіп, анкета толтыруы тиіс, ал, коронавирус инфекциясына жасалған ПТР тест анықтамасының мерзімі үш күннен аспауы тиіс. Ал, егер анықтамасы жоқ болса, 2 тәулік карантинге жатады. Дәл осы талаптарды Еуразия экономикалық одағына мүше елдер мен Өзбекстан арасындағы автокөлік бекеттеріне де орнату керек. Сондықтан, облыс әкімдерінен, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдерінен мемлекеттік шекараны өту бекеттеріне қосымша стационар орнатып, кірген азаматтардан тест алу жұмысын ұйымдастыруды сұраймын», - деді Алексей Цой.

Денсаулық сақтау министрінің барлық ұсыныстары коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралады.


Хабарламаларға жазылу