Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет отырысында бұл оқиға қалай болғанын айтып берді.
Жалпы, бүгін Мусин Қазақстанды кең жолақты интернетпен қамтудағы өзекті мәселелер туралы баяндады. Министр халық арасындағы радиофобияны жеңу үшін заңдарға өзгеріс енгізу керек дейді.
«Қазіргі уақытта адамдардың радиофобиясы бар. Бұл бізге толыққанды интернет жеткізуге кедергі жасайды. Мысалы, Family Village (Нұр-Сұлтан қаласындағы тұрғын үй кешені - авт) кешенінде екі-үш тұрғын арыз жазып, базалық станцияны алғызып тастаған. Осылайша, интернет өшкен. Кейін, интернетке қол жеткізу үшін байланыс операторы тұрғын үй кешеніне жақын жерден қайтадан базалық станция орнатуға мәжбүр болды», - деді Үкімет отырысында Бағдат Мусин.
Жалпы, Қазақстанның цифрлық дамуына жауапты министр жылу, жарық, су сияқты интернет те адам үшін өте қажетті қызмет түріне айналғанын еске салды.
«Сол себепті, біз біраз заңнамалық өзгерістерді жасауды ұсынамыз. Біріншіден, кондоминимумдерге байланыс объектілерін алып тастауға тыйым салу. Екіншіден, жаңа үйлерді пайдалануға берер кезде, үй міндетті түрде оптика желісімен қамылуы тиіс. Үшіншіден, интернеттің жылдамдығы туралы сапалық талаптар орнату. Төртіншіден, оптикалық трансмиссияға кіші операторларға тең қол жеткізуді қамтамасыз ету. Жалпы, мемлекеттік органдардың рөлін күшейтеміз», - деді Мусин.
Бағдат Мусиннің ақпаратына сүйенсек, қазір елдегі бүкіл қала мен 4 500 астам ауыл интернетпен қамтылған. Жыл соңына дейін тағы да 5200 елді мекенге интернет тартылады.