Алматыда мердігер мекеме басшылығына ренжіген жұмысшылар өздері төсеген асфальтті бүлдіріп тастаған. Еңбекақыларын ала алмаған олар осындай әрекетке баруға мәжбүр болыпты. Өкпесі қара қазандай болған жұмысшылардың қылығы әлеуметтік желіде тарап кеткен. Алайда, жауапты бөлімдегілер «олар жұмыстың сапасына жасалған ескертуден кейін осындай әрекетке барып отыр» дейді. Айтуларынша, еңбекақы ешқашан кешіктірілген емес, тек мердігер мекеме мен техникалық бақылау тарапынан асфальттің осы учаскедегі сапасына қатысты ескерту болған. Нәтижесінде мердігер атқарылған жұмыс үшін ақша төлеуден бас тартыпты. Мұны дұрыс түсінбеген жұмысшылар ашуға ерік беріп, асфальті қопарып тастаған.
Олжас Мұхаметжанов, Әуезов ауданы әкімі аппараты коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы:-Асфальттің басқа бөлігі үшін жұмысшылар еңбекақысын алған. Оны растайтын қолхат бар. Бүлінген жерді олар қайта қалыпқа келтірген жоқ. Мердігер мекеме осы үшін шығынды өтеп алу мақсатында жұмысшылардың еңбекақысынан, қателеспесем 40 мың теңге ұстап қалды. Жалпы бүлінген асфальт ауданы – 10 шаршы метр.
Дарын Сағитов