Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалы артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жеткізілетін жүк тасымалы артқан

01.10.2020

Елімізде жыл басынан бері Қытайдан Еуропа елдеріне Қазақстан арқылы тауар тасымалдау көлемі 62 пайызға артқан. Жүк айналымы 4 миллион тоннаға жеткен. Транзиттік тасымалдау Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша шекаралық аумақта іске асқан «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының Құрғақ порты арқылы жүзеге асырылуда. Бұл порт Еуразия аймағындағы біздің экспорттық-транзиттік әлеуетімізді арттырып, логистиканың дамуына серпін беріп отыр.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Аумағы 100 гектардан асатын бұл порт бір мезетте 15 мың контейнерді қабылдай алады. Ал 40-50 вагоны бар бір пойыздағы жүкті ары кетсе 1 сағаттың ішінде басқа пойызға тиеуге қауқарлы. Мұнда 50-ден астам техника мен 180-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.

Құрғақ порт – «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басты бөлігі. Тек елімізде емес, Орталық Азиядағы экспорттық-транзиттік әлеуетті арттыратын ең ірі логистикалық парк. Құрғақ порттың артықшылықтары көп. Теңіз тасымалына қарағанда транзит құны әлдеқайда арзан. Себебі аймақ теміржол мен автомобиль жолдары арқылы тасымалданатын жүктерге қызмет көрсетеді.

Ибрахим Манабаев, Құрғақ порттың бас директоры:
Мұнда Қытай пойыздары келеді.

Құрғақ портта алты темір жол бар. Оның үшеуі Қазақстанға, қалған үшеуі Қытайға тиесілі. Екі ел теміржолдарының айырмашылығы бар. Сондықтан Қытай тарапынан келген жүктер Қазақстанның пойыздарына ауыстырылып, тиеледі. Алайда алдымен Алтынкөл станциясында толыққанды тексеріледі. 

Нұржан Құрманәлиұлы, Алтынкөл станциясының бастығы:
Біз былтыр 736 контейнерлі пойыз қабылдасақ, биыл 1551 контейнерлі пойыз қабылдадық. Карантинде станцияның жұмысы тоқтаған жоқ.

2012 жылы ашылған Қазақстан-Қытай теміржолы өткелі арқылы Қытайдан Еуропа, Парсы шығанағы елдеріне, Орталық Азия мен Кавказ жеріне жүк тасымалданады. Көбіне ауыр техника, тұрмысқа қажетті тауарлар, металл бұйымдары жеткізіледі.

Нұрхан Нұрланұлы

Құрғақ порт логистика Қорғас Нұрлы жол

Хабарламаларға жазылу