Атырауда талайды ісімен сүйсінткен волонтер әже ауыл жастарымен бірігіп жалғыз басты ананың үйлі болуына жәрдемдеспек. Қайырымды жанның аты-жөні Зиба Бақытова. Жасы 71-ге келсе де әлі тың. Темір тұлпардың құлағында ойнайды. Көлік – Зиба әжейдің қанаты іспетті. Темір тұлпарды тізгіндегеніне 40 жылдан асқан. Қимылы ширақ. Техниканың қыр-сырын жетік меңгерген. Тізгінде жаны кіріп, екінші тынысы ашылады. Бар шаруасын көлігімен реттейді. Бүгін де ауыл жастарын көлігіне отырғызып, жалғыз басты анаға көмекке асықты. Айгүл Ташпанованың 2 қызы бар. Жарты ғасыр бұрын салынған ескі үйді паналап келеді. Зиба әжеге айтар алғысы шексіз.
Айгүл Ташпанова, ауыл тұрғыны:-Құрбан айтта да көмектесіп жатыр. Ауылдың балалар былайғы күнде де көмектесіп жатыр.
Зейнеткер үшін – адамның алғысынан артық бақыт жоқ. Жастар оның екінші тынысы. Ал, ауылы-бірлік пен ынтымақтық алтын бесігі.
Зиба Бақытова, зейнеткер:-Бір-біріне қамқорлық жасау керек. Ауыл деген бірлігімен қадірлі. Осының бәрі көз алдымда. Солардың балалары аш болмаса екен, балаларының төбесінен су ақпаса екен, өзімнен артылғанды берсем екен деп тұрамын.
Ауыл жастары – Зиба әжені бағдарға балайды. Қай істе болсын ақылдасып, бірге қарекет етеді.
Әнуар Батаев, ауыл тұрғыны:-Бізге ақылымен бөлісіп, дұрыс жолға итермелеп келе жатқан әжеміз. Осындай қарттарымыз көп болсын.
Қайырымдылықты жанына жалау еткен әженің ендігі мақсаты - жастармен бірігіп жалғыз басты ана Айгүлге үй салып беру. Бұл іске ауыл халқы да атсалыспақ.
Жандос Темірғали