Алимент төлемей жүргендердің үйі мен көлігі тәркіленіп жатыр. Мәселен, алматылық және екібастұздық азамат баспанасынан айырылды. Сот орындаушылары олардың пәтерін сатып, қарызын өндірді. Себебі, екеуінің де балалары алдындағы берешегі 2 300 000 мың теңгеден асып кеткен. Ал, елімізде осылай қашып жүрген қанша адам бар? Жауапкершіліктен жалтарғандарды қандай жаза күтеді?
Алимент төлемей жүргендер жаппай жазаланады. Сот орындаушылары оларды «Сергек» жүйесі арқылы іздеуге көшкен. Перзентіне көмек беруден қашатындарды көшенің қақ ортасында тоқтатып, көлігін айып тұрағына тоғытуға кірісті. Олардың көбі уақыт сұрайды.
Ескертуді елемейтіндерге жеңілдік жасалып жатқан жоқ. Себебі, алимент дауына қатысты істер 224 мыңға жеткен. Ал, 13 мың адам борышын өтеуге асығар емес. Олардың 6 мыңының алимент төлемегеніне 3 айдан асса, 7 мың азамат берешегін мүлде өтемеген. Сондықтан, жаза күшейді. Мәселен, ай бұрын қарағандылық борышкер 1 жылға бас бостандығынан шектелсе, жыл басынан бері 300 адамның көлігі тәркіленген.
Ерлан Оңтаев, Нұр-Сұлтан қалалық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы:-Өндірілген ақша сол алимент алуға тиесілі тарапқа төленеді, егер де автотранспорт жоғарғы бағаға сатылып, одан алименттің қарыздарын жауып, одан артылған ақша болатын болса борышкердің өзіне қайтарылып беруі тиіс.
Заң бойынша алиментке борышкерлер айлық табысының төрттен бірін беруі тиіс. Бірақ, көбі табыссыз және артық мүлкі жоқ азаматтар,-дейді сот орындаушылары. Сондықтан, «Алимент төлеу қоры» ашылған. Оған сот орындаушылар ай сайын қызметін жүзеге асыру үшін төлейтін жарнасынан 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы аударып келеді. Ал, қорға жиналған қаражат алдағы уақытта алимент төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтардың балаларына беріледі.
Амангелді Сейітхан