Түркістан облысында мал базарлары ашылмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мал базарлары ашылмайды

05.10.2020

Түркістан облысындағы мал базарлары жуық арада ашылмайды. Өңірдің бас санитар-дәрігері мен ветеринарлық инспекция басшылығы осындай мәлімдеме жасады. Мамандардың айтуынша, төрт түлікті саудалайтын орындарды ашу адамдарға қауіп төндіреді. Жұқпалы аурулардың өршіп кетуіне сеп болуы мүмкін. Себебі карантин кезінде базарлардың басшылығы тиісті санитарлық талаптарды сақтамастан, түрлі кемшіліктерге жол берген. Мәселен, Сайрам ауданындағы Қарабұлақ базарында 3,5 мыңға тарта мал сатылуы тиіс болса, тексеру кезінде онда 7 мыңға жуық төрт түлікті саудаланып жатқаны анықталған. Базарға шамамен 20 мыңдай адам жиналса, бұл жер нағыз індеттің ошағына айналады. Мұндайда карантин талаптарының сақталуы екіталай. Сондықтан мамандар пандемия кезінде мал сатуды сайттар арқылы жүргізуге болатынын айтады.

Нұрбек Нышанов, Түркістан облысының бас санитар-дәрігері: 
Мыңдаған адам осы мал базарларында шоғырланып, жұғу пайызын көбейтіп, осы індеттің ары қарай дамуына үлес қосады деген мәтінде біз ол жерде жеңілдету мәселесін қарастырған жоқпыз. 

Айта кетейік, бұған дейін Қарабұлақ ауылының тұрғындары өңірдегі ең үлкен мал базарының жұмысына рұқсат беруді сұрап, наразылық білдірген. Саудагерлер тіпті базарды ашпаған жағдайда, елдегі ет бағасының қымбаттай беретінін айтқан. Бұл мәселеге орай сала басшылары өңірде ет бағасының тұрақты екенін алға тартады. Аталған мал базарының жабылуы ет бағасына ешбір әсері жоқ деп отыр.

Айнұр Ақбаева

Түркістан мал базары коронавирус

Хабарламаларға жазылу