Алматыда оқушылардың жарамсыз планшеттері ауыстырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда оқушылардың жарамсыз планшеттері ауыстырылады

05.10.2020

Алматыда оқушыларға тегін беріліп, кейін жарамсыз болып қалған планшеттер толықтай ауыстырылатын болды. Естеріңізде болса, жаңа оқу жылы қарсаңында құны 1 миллиард 319 мың теңге болатын 22 мың дана планшет таратылып, оның мыңнан астамы іске аспай қалған. Алайда, ақауы бар құрылғылар саны әлі де көбейіп жатыр. Жеткізуші компанияға бүгінде 1500-ден астам планшет қайтарылған.  

Істен шыққан планшеттер қазір компанияның кеңсесінде тұр. Біреуінің құны - 60 мың теңге. Олар құрылғыларда қандай ақау бар екенін анықтап, жөндейміз дейді. Ал жөндеуге келмейтіндерін зауытқа ауыстыруға жібермекші. Алдағы он күн ішінде оқушыларға жаңа планшеттер қайтарылады деп отыр. 

Талғат Раисов, жеткізуші компания өкілі: 
-Жарамсыз планшеттердің барлығын жинап алдық. Оның 800-і жөндеуге келмейді. Сондықтан, келісімшарт бойынша зауыт жаңасына ауыстырып береді. Қалғанын өзіміз осы жерде жөндейміз.

Жеткізуші компания уақыт тығыз болғандықтан, Қытайға асығыс тапсырыс бергенін алға тартады. Планшеттердің экраны істен шықса, кейбірінде механикалық ақау табылған. Ал қалалық білім басқармасы жаңа құрылғылар жеткенше оқушылар техникасыз қалмайды дейді. 

Айдын Сайлаубай, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары: 
-Сондай ақаулар табылып жатса, оны мектепке апарып беру керек. Мектеп өз қатарында баланста бар ноутбук, компьютер, планшеттерден береді. Балалар техникасыз қалып жатқан жоқ. Біз уақытысында ауыстырып беріп жатырмыз.

Биыл қашықтан білім алу үшін Алматы оқушыларының 96 пайызы қажетті құрылғылармен қамтылған. Ал істен шыққан 90 миллион теңгеден астам қаржының техникасы ауыстырылып, қайта таратылғаннан кейін жеткізуші компания келісімшарт бойынша алдағы бір жылға дейін планшеттердің сапасына жауапты болмақ. 

Нұрхан Нұрланұлы


АЛМАТЫ планшет

Хабарламаларға жазылу