Әлемде әрбір оныншы адам коронавирус жұқтырған болуы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Майкл Райан хабарлады. Болжам бойынша, жұқпалы дертке планета тұрғындарының шамамен 10 пайызы, яғни 780 миллиондай адам шалдыққан. Бұл ресми статистикадан 20 есе көп.
Эпид ахуалдың күрт өршуі Оңтүстік-Шығыс Азия, Еуропа елдерінде байқалып отыр. Қарт Құрлықта қауіпті тізімді Испания бастап тұр. Мұнда «Сovid» науқастарының саны 800 мыңнан асып, өлім-жітім де мамырдан бергі жоғары көрсеткішке жетті.
Ал Польшада білім министрінен коронавирус анықталған соң, жаңа үкіметтің ант беру рәсімі кейінге шегерілді. Инфекцияның парламент мүшелері арасында таралуы Малайзияда да байқалып отыр. Мұнда Дін істері министрінен «Сovid» анықталған соң, онымен кездесуде болған премьер-министр Мұхиддин Ясин екі аптаға карантинге кетті.