Біз оқып жүретін материалдарда мамандардың мынадай пікірі беріледі: адамның жан дүниесінде тыныштық болмағанда, проблемаларының шешу жолдарын таппай қиналғанда көп жағдайда ашуын баласынан алады. Өйткені бала әлсіз - қарсылық көрсете алмайды, жауап бере алмайды. Әйелі мен күйеуінің қарым-қатынасы, отбасылық басқа да қарым-қатынастар әлсіз бен күштінің позициясына құрылған болса да солай. Барлық зардабын үйдегі балалар шегеді.
4 жыл бұрын - 2016 жылы бала құқығын қорғау жөніндегі халықаралық ұйым - ЮНИСЕФ пен еліміздің адам құқығы жөніндегі уәкіл жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 75 проценті баланы тәрбиелеуде күш қолдануды дұрыс деп санайды. Маңдайынан сипау да керек, шектен шықса, шапалақтап та жіберуге болады, деген ұстаныммен жүретіндер. -Бірақ өршелене, жауыздықпен ұрып соғу бар, май құйрықтан салып жіберу бар, біздікі соңғысы дейтіндер. Ал мамандар мұны да мүлдем дұрыс емес санайды және дәлелдер келтіреді...
Не дегенмен осы аптада баласын ұрған әкенің бейнежазбасы тарағанда ішегін тартпаған адам кемде-кем шығар. Бірінші рет көргесін емес. Тағы ма?- деп. Баланы ұрып-соғып, тіпті майып қылып қоятын небір оқиғалар болып жатады. Рухани күйзеліске түсіріп, оның зардабын өмір бойы тартатындарын ойласаң, ішің мұздайды. Расында, «Борат» фильмі елдің имиджіне нұқсан келтіреді деп күйінгенше, шешпесе болмайтын мәселелеріміздің түйінін тарқатсақ, қанекей?! Ақерке Бектас жалғастырады.