Өзбекстаннан келген 6 адамнан коронавирус анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстаннан келген 6 адамнан коронавирус анықталды

12.10.2020

Соңғы бір аптада Өзбекстаннан келген 6 адамнан COVID-19 анықталды. Коронавирус жұқтырғандар Түркістан облысындағы 5 кеден бекетінен өтіп, карантиндік талаптар бойынша тексерілген. Бұл туралы өңірдің бас санитар-дәрігері Нұрбек Нышанов мәлімдеді. Індетке шалдыққандардың бірі көрші елдің азаматы. Түркістан облысындағы туыстарына қыдырып келген. Тағы бір науқас - жүк көлігінің жүргізушісі. Қалған төрт адамның барлығы - жергілікті тұрғындар. Өзбекстанға әр түрлі жағдаймен сапарлап барған. Эпидемиологтардың айтуынша, 6-шы қазаннан бері шекарадан 4 мыңнан аса жолаушы мен жүргізуші өткен. Олардың барлығынан арнайы сынама алынып, 406 адам екі күндік стационарға жатқызылған. Ал, қатерлі кесел жұқтырғандар Сарыағаш аудандық ауруханасына жеткізілген.

Нұрбек Нышанов, Облыстық тауарлар және қызметтердің сапасын бақылау департаментінің басшысы:
- Оның ішінде клиникалық көрсеткіші бойынша бір жағдай анықталып, ол ауруханаға жатқызылды. Қалған бес жағдайда клиникалық көрсеткіштері болмауы себептерінен, былайша айтқанда симптомы болмауы себептерінен үй жағдайында карантинге жатқызылды.

Өңірде күні бүгінге дейін карантиндік талаптарды сақтамаған 3 мыңға жуық дерек тіркеліп, 150 млн теңгеден аса айыппұл салынған. Күнделікті рейдтік шаралар ұйымдастырылып, 94 кәсіпкер мен заңды тұлғаға әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар тығылып, той өткізушілер қатары да толастамай отыр.

Айнұр Ақбаева 

Өзбекстан коронавирус

Хабарламаларға жазылу