Болашақ ұстаздар жұмысқа тұру үшін сынақ тапсырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болашақ ұстаздар жұмысқа тұру үшін сынақ тапсырады

16.10.2020

Келер жылдан бастап мұғалім мамандығын бітіретін түлектер диплом алған соң тағы бір сынақтан өтуі тиіс. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес енді жас мамандар бірден жұмысқа орналаспайды. Алған білімін дәлелдеп, біліктілігін сәйкестендірген сертификат алуы тиіс. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:  
-Диплом алып, мектепке барып жұмысқа орналаса саламын деген жеңіл жоспар енді жүзеге аспайды. 4 жылдық біліміңізді дәлелдеу үшін қызыл дипломның өзі жеткіліксіз. Ол үшін тағы сынақтан өту керек. Тапсырсаңыз мына орынға мұғалім болып жайғасасыз, өтпесеңіз қайтадан шәкірт болып дайындалуға тура келеді. 

Бұл бастаманы болашақ ұстаздар құптамай отыр. Солардың бірі -Малика Хасенова. Жоғары оқу орнында оқитын студент ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып шығады. Оның ойынша қосымша сынақ тапсыру маман тапшылығы мәселесін одан әрі ушықтырады. 

Мәлика Хасенова, студент: 
-Дипломның өзі жеткілікті. Менің ойымша бұл дұрыс емес. Өйткені, біз көп уақыт жұмсаймыз. Қазір онсызда мұғалімдер жетіспей жатыр. 

«Ұстаздар мәртебесі» туралы заңда біліктілікті арттыру - әуелгі мақсат. Жаңа бастама осы құжаттың аясында іске асады. Мәртебесін арттыру үшін маманның білім деңгейі де биік болуы тиіс дейді тәлімгерлер.  

Сафура Төлекова, №76 мектеп-лицейінің директоры: 
-Жас мамандар ғана емес, жалпы педагогтардың жыл сайын тамыз айында тестілеуден өткенін қолдар едім. Жалпы мектептің бүкіл қызметінің жоғары деңгейде болуы ең біріншіден құзіретті педагогтың қолында. Ал егер біліміне сенбегендік болса бұл сол оқу орындарының проблемасы. 

Еңбек кодексіне сай дипломмен қоса сынақ тапсыратын кәсіптердің тізімі бұрыннан бар. Оған адам өміріне тікелей жауапты мамандықтар кіреді. Адами капиталды дамытатын мұғалім мамандығы да енді осы қатарға қосылды. Бұл тәжірибе Финляндия, Германия, Польша, Англия сияқты Еуропа елдерінде кең қолданысқа ие.  

Бану Нарбекова, ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары: 
-Реттелетін кәсіпке кіргендіктен белгілі бір ұлттық тестілеу немесе ұлттық квалификациялық тестілеуден өтеді. Оның ешқандай қиындығы жоқ. Ол өзінің алған білімін тағы бір рет дәлелдейді. Оның әртүрлі жолдары бар. Бұл мәселе жөнінде нормативтік құжаттар даярлануда.

Осы орайда түйіні шешілмеген тағы бір мәселе бар. Мектеп бағдарламасы жаңа, ал педагог даярлайтын жоғары оқу орындарының бағдарламасы ескі. Яғни, теория мен әдістемеде алшақтық көп болғандықтан түлектер сынақты қалай, қандай форматта тапсыратыны әзірге белгісіз. Ал тестілеуден өтпеген жастардың қайта дайындалуына қанша уақыт берілетіні қазір қарастырылып жатыр. Айтпақшы, енді педагог қана емес осы біліктілігін сәйкестіндіру сынағынан өткен кез келген сала маманы білім мекемелеріне жұмысқа орналаса алады.  

Раушан Сайлауқызы 

ұстаз

Хабарламаларға жазылу