Абайдың 175 жылдық мерейтойы басқаша өтіп жатыр. «Мақтаншақ, бекер мал шашпақ!» дегенін еркімізден тыс түсіндік пе екен? Жоқ әлде, пандемияның кесірінен бейнелеп айтқанда «ас ішіп, аяқ босату» амал жоқтықтан болмады ма?..
Не дегенмен, Ұлы ақынның 175 жылдығын атап өтуде Президенттің пікірінше, ысырапшылдық пен даңғазалыққа жол берген жоқпыз. Аптада Мемлекет басшысы Жидебайға арнайы барып, Абай мен Шәкәрім рухтарына тағзым етті, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешені мен ақынның мұражай-үйінде істелген жұмыстармен танысты. Кешен мен музей заманауи талаптарға сай қайта жаңғыртылған. Сонымен бірге кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, ағаштар отырғызылып, ақынның 45 қара сөзі жазылған мәрмәр тастар қойылған. «Туғанда дүние есігін ашады өлең» деген стелла тұрғызылған. Сонымен қатар Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқы қорымының аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылған. Жаңалық - ұлы Абайдың әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қызметін дәріптейтін Құнанбай музейі салынған.
Ал Семейде Президент «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішін ашты, «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды қорық-мұражайын аралап көрді. Абайтанушы ғалымдармен кездесті. Досжан Маратұлының репортажы.