Пандемия ауыл шаруашылығын қаржыландыруға кедергі болған жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемия ауыл шаруашылығын қаржыландыруға кедергі болған жоқ

19.10.2020

Әлемді жайлаған пандемия елімізде ауыл шаруашылығының дамуына кедергі болған жоқ. Бұған «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің «Аграрлық несие корпорациясы» осы саланы қаржылай қолдау жұмысын тұрақты жүргізуі де өз септігін тигізді. Биыл корпорация шаруаларды несиелеуге 265 млдр теңге бөлініп, соның басым бөлігі игеріліпті.  

«Сарыағаш» - Денисов ауданына қарасты Перелески ауылындағы іргелі шаруашылық. Алқапқа егін салса, заманауи фермада ет және сүт бағытындағы Зеңгі баба тұқымын өсіреді. Өнімділік деңгейі өте жоғары. Бір сиыры жылына 7,5 мың литр сүт берсе, егіннің орташа шығымы гектарына 30-35 центнерден айналады. Бүгінгі жетістік – мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржылай қолдаудың нәтижесі.  

Өтеген Мұртазин «Сарыағаш» ЖШС директоры:
Аграрлық несиелік корпорацияның қаржыландыруымен 2019 жылы 480 млн теңгеге тұқым сұрыптау желісі салынды. 2021 жылы корпорацияның қолдауымен 616 гектар суармалы алқапты игеруді жоспарлап отырмыз. Жоба құны 820 млн теңге.

Шаруашылық 412 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауылдың әлеуметтік саласына да үнемі қолдау көрсетеді.

Евгений Шулейко, Перелески ауылының әкімі:
Ауылдағы Мәдениет үйі толығымен осы серіктестіктің есебінен қаржыландырылады. Сонымен қата 120 орындық балабақшамыз, 236 оқушы білім алып жатқан мектебіміз бар. Кәсіпорын осылардың бәріне мүмкіндігінше қолдау көрсетіп отырады. 

Аграрлық несие корпорациясы биыл көктемгі егіс науқанына 70 млдр теңге бөлсе, соның 17 млдр теңгесін қостанайлық диқандар игерген. Корпорация екі қолға бір кәсіп іздегендерді қолдауға арналған «Еңбек» бағдарламасын да қаржыландырады. 

Мэлс Байболов, «Аграрлық несие корпорациясының» АҚ Қостанай облысының филиалының директорының орынбасары:
Көптеген азаматтарды несие серіктесіктері, шағын несие ұжымдары арқылы қаржыландырамыз.

Дубовский ауылындағы «Колос» компаниясы да мал бағып егін салумен айналысады. 2019 жылы кәсіпорын аграрлық несиелік корпорацияның қолдауымен 300 абердин ангус сиырларын сатып алды. Компания шаруашылықтың ғана емес, ауылдың өркендеуіне де үлес қосып, 100 адам еңбекпен қамтып отыр.

Дәуренбек Әбдібек

Хабарламаларға жазылу