Қазақстанның тағы бір облысында құс тұмауы анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның тағы бір облысында құс тұмауы анықталды

20.10.2020

Құс тұмауы Шығыс Қазақстан облысында да тіркелді. Осыған байланысты қазір Бесқарағай ауданының Баскөл ауылында карантин жарияланған. Бұл елді мекеннің қасында жабайы құстар қонатын бірнеше шағын көл бар. Үй құстары індетті сол жерден жұқтырды деген болжам жасалуда. 

Ауыл бойынша барлығы 35 құс қырылып қалған. Қауіптің өршіп кетпеуі үшін көл жағасындағы 6 үйдің 201 тауығы мен қаз-үйрегінің көзі жойылған. Иелеріне өтемақы төлеу мәселесі осы айдың соңында арнайы комиссияның отырысында қаралады. Карантиннің қашанға дейін жалғасары әзірге белгісіз. Ветеринарлар барлығы 178 мың үй құсына екпе жасаған. 

Ертай Батхолдин, Облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:
20 шақырым аймақтағы құстарға екпе салынды. Семей мен Өскемен қаласындағы және Глубокое ауданындағы құс фабрикасының маңайындағы, 20 шақырым жердегі құстардың барлығына вакцина егілді. 

Маңғыстауда үй құстарын жаппай вакцинациялау жүргізілуде. Өңірде құс тұмауы тіркелген жоқ. Дегенмен аурудың алдын алу жұмыстары басталып кетті. Бүгінде 3,5 мың құс егілді. Ауру шыққан жағдайда қораларды дезинфекциялайтын құрал-жабдықтар мен өлексені өртейтін 6 стационар пеш дайын. Жақында тағы 3800 доза вакцина келеді деп күтілуде.

Берік Көшербай

құс тұмауы ШҚО

Хабарламаларға жазылу