Астана қаржы орталығына екі айға 68,8 млрд теңге не үшін бөлінетіні белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаржы орталығына екі айға 68,8 млрд теңге не үшін бөлінетіні белгілі болды

21.10.2020
Астана қаржы орталығына екі айға 68,8 млрд теңге не үшін бөлінетіні белгілі болды

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет нақтыланды. Нақтылау кезінде Қаржы министрлігі арқылы Астана қаржы орталығына, ары қарай Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына екі айға 68,8 млрд теңге қаражат бөлінгені белгілі болды. Депутат Жамбыл Ахметбеков Қаржы министрлігі ірі соманы соманы асыға бөлудің себебі неде екенін білгісі келді. 

«Менің сұрағым Қаржы министрі Жамаубаевқа (Ерұлан Жамаубаев - авт). Қазақстан Республикасына шетелдік тікелей инвестиция тарту үшін сіздің министрлігіңіз «Астана халықаралық қаржы орталығының әкімшілігіне нысаналы аударым жасау» туралы бағдарлама бойынша Қазақстанның инвестицялық даму қорына қарайтын Тікелей инвестициялық даму қорының жарлылық капиталын толтыру үшін 68,8 млрд теңге көздеп отыр. Жылдың аяғына дейін екі-ақ ай қалды. Министрлік қаражатты Астана халықаралық қаржы орталығына аударып үлгеретінін және сол арқылы 100 пайыз орындауға қол жеткізетінін түсінемін. Бірақ, аталған қаржы орталығының басқару кеңесінің мүшесі ретінде сізге қояр сұрағым бар. Астана халықаралық қаржы орталығы бұл қаражатпен не істейді? Бұл қаражатты дәл қазір бөлу қаншалықты қажет?», - деді Ахметбеков. 

Сондай-ақ, депутат Астана халықаралық қаржы ортылығы қосымша бөлінетін 70 млрд теңгені бюджетке неше теңге қылып қайтаратынын және қандай мерзімде кіріс түсіретінін сұрады. 

Ерұлан Жамаубаевтың 70 млрд теңгеге жуық қаражат туралы сұраққа жауабы дайын тұрды. Қаржы министрі түсіндіргендей, Үкімет биылғы карантинді ескере отырып, ішкі туризмді дамыту керек деген ұйғарымға келген. Осылайша, Астана қаржы орталығы екі ай ішінде бюджеттен 68,8 млрд теңге алып, оны біріншіден, 120 млрд теңге көлемінде қайтаруға, екіншіден, осы қаражатты түгелдей Каспий жағасын дамытуға жұмсайды. 

«Шынында да, біз осы жылдың бюджетінен 68,8 млрд теңге қаражатты жаңағы Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына аударып отырмыз. Бұның негізгі мақсаты - бұл қор бір теңге тартылған қаражатқа қосымша бір теңге қаражат тартуға міндетті. Яғни, 68 млрд теңгеге 120 млрд теңге шетелдік инвестиция тарту жоспарланып отыр. Бұл қаражат Каспий жағасындағы туристік саланы дамытуға жұмсалады. Қаражат неге дәл қазір бөлініп отыр десек, келесі жылдың жазына дейін ол инфрақұрылымды толық жөндеу керек. Тиісті қонақ үй бизнесін бастау керек. Инфрақұрылымдық мәселесін шешу керек. Карантиин кезінде ішкі туризмді дамыту үшін негізгі туристік саланың алдыңғы қатарлы жобаларының бірі болып салынады. Осы жобаға қаражат бөлуді мақсатқа сай деп отырмыз», деген Қаржы министрі қаражатқа бірнеше бес жұлдызды қонақ үй салынатынын хабарлады.

Хабарламаларға жазылу