Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адвокат Айман Омарова кеңестің төртінші отырысында ауыл адвокаттары гонорарсыз қалып жүргенін және судьялар тарапынан қатты қысым болатынын айтқан болатын. Сондай-ақ, ол кез келген сотта судьялар ақылдасатын, медиаторлар ақылдасатын бөлме бар да, адвокаттар ақылдасатын бөлме жоқ дейді.
Адвокатпен жеке сұхбаттаса отырып, қорғаушылардың тағы қандай қиындықпен күресіп жүргенін білдік.
«Ауылда халықтың да, адвокаттың да жағдайы жоқ. Жалпы, адвокат гонорары деп түскен табыстың 10 пайызын айтамыз. Қорғаушылардың гонорары санмен шаққанда қандай екенін нақты айта алмаймын, себебі, гонорар көлемі біріншіден олардың тәжірибесіне байланысты, тәжірибесіз адвокаттар да болады. Бірақ, гонорар деп түскен табыстың 10 пайызын айтамыз. Ал, аудан орталықтарында бірнеше ғана адвокат қызмет етеді», - дейді Омарова.
Ұлттық сенім кеңесінің отырысында ол ауыл адвокаттары гонорардың орнына бір қой немесе бір сиыр алатынын айтқан болатын.
«Өз басым істерімді 50 пайыз тегін қызмет көрсеткен кездерім болды. Мен оларды маңыздылығына, жағдайына қарай таңдаймын. Тағы бір маңызды мәселе - қазір адвокаттар лицензиясынан айырылған жағдайда өмір бақи осы салада қызмет ете алмайды. Ал бұл мәселе Еуропа елдерінде басқаша шешіледі. Және де депутаттар заңгерлердің құқықтық консультация беруін алып тастауды қарастырып жатыр, бұл теріс. Қандай да бір қылмыс жасалғанда, адвокаттан басқа кім консультация береді?», - дейді ол.
Сөз соңында Айман Омарова қазір қоғамда адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылық, алаяқтық, алимент төлеу, сексуалды зорлық жасауға қатысты істермен жиі жүгініп жатады дейді.