Орал қаласында адам өліміне себепші болған мәскеулік косметолог Эльвира Абдуллаеваға қатысты үкім шықты. Естеріңізге сала кетейік, оқыс оқиға 28-ші наурызда қаладағы сұлулық салонының бірінде орын алған еді. Бетке жасалған екпенің салдарынан 39 жасар әйел кенеттен қайтыс болды. Адам өліміне әкеп соққан заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен шұғылданды деп айып тағылған косметолог өзіне тағылған кінәні ішінара мойындады. Тіпті марқұмның туған-туысқандарына келген материалдық және моральдық шығынды толығымен өтеген. Сондай-ақ, айыпталушы қайтыс болған әйелдің балаларын кәмелет жасына жеткенше қамқорлыққа алатынын да жеткізді. Осылайша, жәбірленуші жақтың косметологқа қояр кінәсі жоқ. Сот Абдуллаеваны 3 жыл медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын кесті.
Р.ДИАЛИ