Ақтөбеде 250 пәтердің тұрғындары бір айдан бері жылусыз отыр. Қыркүйек айында бұл мәселе көтерілген. Алайда, проблема әлі күнге шешілмеген. Айтуларынша, қазандыққа қажетті құрылғыны әкімдік әкеліп салғанымен, ол 2 күнге жетпей бұзылып қалған.
Қазір тұрғындар электр пешін қосып, әупірімдеп күн кешіп жатқандарын айтады. Баспаналары салқын болғандықтан, ауырып жатқандар көп. Тіпті, газбен жылынамыз деп, уланып, ауруханада жатқан балалар да бар. Ал әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазандық осы күнге дейін иесіз болған, сондықтан оны енді ғана меншігіне алып жатыр. Қажетті 4 насосты ауыстыру үшін 17 миллион теңге қаралған. Қазір тендер ойнатылып жатыр. Жауаптылар бір ай ішінде жылу толық беріледі дейді.
Гүлшат Бағыбергенова, тұрғын:Бәрі ауырып жатыр үйдегі. Бірі газдың астында жатам деп, уланып, ауруханаға түсті. Енді мына жағдайды түсіну керек қой. Әкімдікте отырғандар неге шықпайсыздар, үйлерге неге келмейсіздер?
Мирас Әжібаев, Қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:Төрт насосы нашар жұмыс істеп тұр екен. Екеуі жасамайды. Сынып қалған насосты «Трансэнерго» қарап жатыр.
Жақсыбек Кемал