Түркия президенті Реджеп Ердоған Франция басшысын мұсылмандарға деген көзқарасы үшін сынға алды. Бұған дейін Эммануэль Макрон Францияның зайырлы құндылықтарын радикалды исламнан қорғау керек деп мәлімдеген. Аталған пікірге Париж маңында болған мектеп оқытушысының өлімі себеп.
Айта кетсек, қазанның 16-сында 18 жастағы шешен ұлтының өкілі сабақ барысында Мұхаммед Пайғамбардың карикатурасын қолданған ұстазды өлтірді. Оқиғадан кейін Макрон қайтыс болған мұғалімді жақтап, исламшылдар елге қауіп төндіріп тұр деп мәлімдеген еді. Ердоғанның ашуына тигені де осы.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:Францияға жауапты адам жолынан тайды. Макронға психикасын тексерту керек. Діни сенім бостандығын түсінбейтін адам туралы басқа не айтуға болады?
Франция билігі бұл сөздерді тіл тигізу деп бағалап, Түркиядағы елшісін елге шақыртып алды. Дегенмен Макронның мәлімдемесіне әлем елдерінің мұсылмандары наразылық білдіріп жатыр. Пәкістан премьер-министрі Имран Хан Макронды «исламға шабуылдады» деп айыптады. Бангалдеште халық шеруге шықса, Йорданияда француз өнімдеріне бойкот жарияланды.
Жансая Қапасқызы