Шымкенттік студенттің ғылыми мақалаларын Германия мамандары жоғары бағалап, кітап етіп бастырды. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде оқитын Нұрболат Тоқтамыстың шығармашылық жұмысы озық мемлекеттердегі білім беру әдістемелерін сараптауға арналған. Пандемияға байланысты «Lap Lambert academic» баспасы авторға кітаптың электронды нұсқасын жолдады.
Ғылыми жұмыс 109 беттен, 7 тараудан тұрады. Оған Нұрболаттың 4 ғылыми жұмысы біріктірілген. «Әрбір мемлекет білім ғылымының арқасында ғана өркендеп, дамиды. Көшбасшы елдер қатарынан табылу біздің де басты мақсатымыз. Еліміздегі білім беру жүйесін өркениетті елдердің ағарту ісімен салыстыра зерделуге осы ой түрткі болды»,-дейді Нұрболат.
Нұрболат Тоқтамыс, 4-курс студенті:Дүниежүзі мектептерінің 5 түрлі ерекшеліктерін анықтадым. Оның алғашқысы танымал және қызықты адамдармен кездесу, екінші әр баланың ерекшеліктерімен жұмыс істеу, үшінші оқушыларға еркіндік сыйлау.
Сондай-ақ Нұрболаттың зерттеуінше әрбір оқушының көшбасшылық қырын аша білу және интелектуалды ізденістерге ынталандыру да шетелдік білім жүйесінің озық тәсілдерінен саналады. Студенттің бұл жұмысын әсіресе педагогика саласының ғалымдары жоғары бағалап отыр.
Гүлжан Сүгірбаева, ОҚМПУ ректорының міндетін атқарушы:Еуропалық білім беру жүйесі не береді, қандай тәсілдер үйретеді, қандай әдістер алуға болады. Сол тұрғыда бұл ғылыми ізденіс маңызды және құнды.
Нұрболат - болашақ химия пәнінің мұғалімі. Ізденімпаз жас ағарту саласындағы жетістіктерді зерделеумен қатар еліміздің оңтүстік аймағына тамыр жая алатын өсімдік түрлерін сұрыптаумен айналысуда. 40-тан астам дертке дауа болатын алоэны тұқымын жерсіндіру, жидеден адамға азық болар тағам түрін әзірлеу үстінде.
Нұрболат Тоқтамыс, 4-курс студенті:Климат және топырақ сәкестігін зертеумен айналыстық. Қазіргі таңда климат сәкес келеді, топыраққа құнарлылық керек. Сол жұмыстармен айналысып жатырмын.
Өткен жылы Нұрболат Қазақстанның ең үздік студенті деп танылды. Ал биыл биыл үздік жас ғалым атанып отыр. Өрелі жас химия саласындағы ізденісін жалғастырып, ғылымымен айналысуды мақсат тұтады.
Ғани Қалмахан