Елордада Полиция департаментіндегілердің былығы әшкере болды. Нұр-Сұлтанда кейбір құқық бұзушылықтар «Сергек» камераларының мәліметтер базасынан шығарылып отырған. Осыған орай полиция департаментінің жедел басқару орталығының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар бұрмаланған деректерді енгізу арқылы құқық бұзушыларды жүйелі түрде жауапкершіліктен босатқан.
Сонымен қатар бас қалада жалған жүргізуші куәлігін алған 3 мың жүргізуші іздестіріліп жатыр. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы авто мектептерді бітіру туралы жалған куәліктерді сатып келген. Қазір аталған іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер азаматтарды авто мектептерде оқытпай-ақ, емтихансыз жүргізуші куәліктерін беріп келген.
«Сергектегі» мәліметтердің алынуына қатысты полиция департаменті қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Алайда, бақылау жүйесіне жауапты «Көркем Телеком» серіктестігі барлық құқық бұзушылықтардың камераларға автоматты түрде тіркелетіндігін айтып отыр. Уәкілетті қызметкер жүйеге кіріп, бұзушылықты тексереді, оған өз электронды цифрлық қолтаңбасымен қол қояды. Сондай-ақ мұндағы ақпараттар бір мезгілде ҚР Бас прокуратурасының Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне енгізіледі.
Дарын Сағитов