Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны еселеп артып барады. Науқастардың көбі Шығыс Қазақстан облысында тіркеліп отыр. Облыс территориясында 20 санитарлық бекет қойылды. Бұл облыста өткен тәулікте 252 адамнан шықты. Ал ертеңнен бастап облыстан басқа аймаққа бағыт алған адам теріс ПТР анализі болмаса, яғни сондай анықтамасы болмаса, шығарылмайды.
Иә, COVID-19 пен оған ұқсас пневмония бойынша ахуал онша емес, өткен тәулікте COVID-19 вирусы ПТР тесті бойынша 465 адамнан анықталды. Ресми ақпар бойынша жалпы жұқтырғандар 112418, қайтыс болғандар 1825.
Ал коронавирустық белгісі бар пневмония бойынша өткен тәулікте 216 ауру тіркелген, тамыздан бері хатталады, тиісінше, сол уақыттан бері тіркелгендер саны 37962, қайтыс болғандар 402.
Алайда бұл мәліметтер нақты емес. Себебі айтып тұрмыз, тамыздан бері есептеле бастады және адамдарды жаппай тестіден өткізбегеннен кейін COVID-19 пен оған ұқсас пневмониямен ауырғандар санын нақты білу мүмкін емес.
Еуропада – дәлірегі екі үлкен экономикасы – Франция мен Германияда ертеңнен бастап «жеңілдеу локдаун» енгізіледі. Қарашаның соңына дейін мейрамхана, бар, барлық көңіл көтеретін және спорт нысандары жабылады. Француздар көшеге шығуы үшін нанымды себеп жазып, арнайы электронды форма толтыруы тиіс. Тәртіпті бірінші рет бұзғандарға 135 еуро көлемінде айыппұл салынады. Алдыңгүні-кеше Париж тұрғындары карантинді қала сыртында өткізу үшін жолға шықты, тиісінше, жолдарда жүздеген шақырымға созылған кептеліс, дүкендер мен шаштараздарда кезек қалыптасты. «Өте ауыр қыс болғалы тұр» деген, Германия канцлері А.Меркель де. Ал Италия қоғамдық тамақтандыру орындарына кешкі алтыға дейін жұмыс істеуге рұқсат берсе де, театр, кинотеатр, спорт залдар мен бассейндерді жапты. Үйлену тойы, жерлеу, шоқындыру шараларына тыйым салды.
Еске түсірсек, коронавирустың алғашқы толқыны Еуропада көктемде болды. Бізде жазда. Қазір Еуропада екінші толқыны басталып кетті. Демек бізге қандай пайымға келу керек?..
Жайна Сламбек