Павлодар облысында балық өсірумен айналысатын жалғыз шаруашылық жабылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында балық өсірумен айналысатын жалғыз шаруашылық жабылуы мүмкін

02.11.2020

Себебі, Ақсу қалалық әкімшілігі тәлімбаққа жерді жалға беру мерзімін ұзартпаймыз- деп қаулы шығарған. Іргелі кәсіпорын иесі бұл заңсыз дейді.  

Өңірдегі балық өсірумен айналысатын жалғыз шаруашылық жерсіз қалмақ. Онсыз да Ребровка шаруашылығы Ертіс жағалауындағы ұлтарақтай ғана жерді пайдаланып отыр. Небәрі 700 гектар. Өнімді мемлекеттік тапсырыс бойынша басқа аймақтарға өткізіп келген кәсіпорын енді бәрінен біржола айырылмақ.

Александр Веретенников, шаруашылық басшысы:  
-Балық шаруашылығын дамытуға басқа облыстарда 50 млн теңгеден 150 млн теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Ал, біздің аймақта 10 жыл қатарынан 2 млн теңге беріп отыр.   

Жерді жалға беру мерзімін ұзартпайтындығы жөнінде құжатты берген Ақсу қаласы жер қатынастары бөлімі алқап қараусыз қалған дегенді алға тартып отыр.

30 шақты адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер шаруашылықты дамыту үшін 300 млн теңгеден астам қаржы құйған. Жарық тартып, тоғандарға су жеткізетін құбыр салды. Сорғы станцияларын іске қосты. Алайда, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерге 4 жыл бұрын да әкімшілік жалға беру мерзімін ұзартуға қарсы болған еді. Ол кезде Александр құжаттарын сот арқылы заңдастырды. Енді тағы да тығырыққа тірелген шаруашылық иесі аймақ басшысынан араша сұрайды.

Болат Аманбаев


Павлодар облысы балық шаруашылық

Хабарламаларға жазылу